Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінің бастамасымен Ташкент қаласындағы «Билим каравони» ғылыми мекемесінде «Қазақстан мен Өзбекстан: Тәуелсіздікке 30 жыл және жас мемлекеттердің қалыптасуы» атты ғылыми-практикалық халықаралық конференция өтті.
Екі елдің белгілі саясаттанушылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дипломаттар, БАҚ өкілдері мен студент жастар қатысқан іс-шарада, өзбекстандық саясаттанушы Ф.Толипов өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекеттер алдындағы заманауи сын-қатерлер туралы баяндама жасады.
Аталған тақырыпты, Қазақстанның беделді сарапшысы А.Нұрша жалғастырып, екі елдің өңіраралық байланыстарына кеңінен тоқталып өтті. Өз кезегінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, белгілі ғалым Ф.Кукеева Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саяси қызметінде жеткен жетістектерін баяндады. Сондай ақ, өзбек ғалымы З.Усмановтың баяндамасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен экономикалық дамуы жөнінде болды.
Осынау шараға қатысушылар, жыл өткен сайын дамып келе жатқан Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының жай-күйі туралы мәселелерді талқылап, мемлекеттік институттар мен қоғамды одан әрі жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бағдарламалық құжаттармен танысты.