Астана қаласында Қазақстан мен Өзбекстан іскерлік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірнеше іскерлік келісімге қол қойылды.
KAZINFORM дерегінше, қол қойылған құжаттардың екеуі тері өңдеу мен аяқ киім жеткізу мәселелерін қамтиды:
1. Өзбекстан тері-аяқ киім кәсіпорындары қауымдастығы мен Қазақстан тері және жүн өңдеу қауымдастығының арасындағы келісім;
2. «Ситони» жауапкершілігі шектеулі қоғамы мен «Ломанг» жауапкершілі шектеулі серіктестігі арасындағы аяқ киім өнімі жеткізу туралы келісімшарт.
Сонымен қатар, Астанада өткен бұл жиында қазақ-өзбек бизнес қауымдастығын құру ұсынылды.
«Екі арадағы бірлескен кәсіпорындар санының өсу қарқынын, өзара әріптестіктің әлеуетін ескеріп, Қазақстан-Өзбекстан бизнес қауымдастығын құратын уақыт келді деп есептеймін. Бұл қауымдастық бизнес пен мемлекеттің тиімді ықпалдастығының платформасына айнала алады. Яғни, екі арадағы әріптестік бизнесті қолдауға айқынырақ бағытталады деген сөз. Маған бүгінге дейін Өзбекстанда тіркеліп, жұмыс істеп жүрген 20-дан астам бизнес өкілі осындай комиссия құрып, мемлекеттік органдармен күнделікті туындап жататын өзекті мәселелер бойынша осы қауымдастық арқылы жұмыс істесек деген өтінішпен жүгінді», - деген Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов.