Қазақстан мен Өзбекстан білім беру саласындағы ынтымақтастық шеңберінде жаңа келісімге қол қояды.
Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Өзбекстан Республикасының Халыққа білім беру министрі Бахтиер Саидовтың кездесуі өтіп, онда тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастық шеңберінде жаңа келісім жасайды.

Өзбекстаннан келген делегацияның басты мақсаты – қазақстандық білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтармен танысу. Осы мақсатта Өзбекстан Республикасының Халыққа білім беру министрі ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралағаны айтылады хабарда.
«Менің ойымша, келісім жобасын дайындау кезінде екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының барлық спектрі қамтылғаны жөн. Бұл — мұғалімдерді даярлау, біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу мәселелері. Біз мұғалімдеріміздің Қазақстанға сапарын ұйымдастырып, қазақстандық мұғалімдерді Өзбекстанға шақыра алар едік. Бұл тәжірибе мен пікір алмасу барысында пайдалы болады деп ойлаймын. Мен бірқатар қазақстандық мұғаліммен сөйлестім. Олардың әрқайсысы жұмыстарын зор құлшыныспен атқарып, өз елінің болашағы үшін алаңдайтынын байқадым. Мұғалімдер білімді қалай берген жөн, оқушыны тұлға ретінде қалыптастырудың маңыздылығы туралы ойланады екен», – деген Өзбекстан Республикасының Халыққа білім беру министрі Бахтиер Саидов.
Осы сарап барысында ӨР Халыққа білім беру министрі Бахтиер Саидов Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердегі оқу процесіне интеграцияланған білім беру бағдарламалары мен цифрлық жобалар және мектептердегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және жан басына қаржыландыру жүйесімен танысқан.