Қазақстанды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бағытында барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook парақшасында былай жазған:
«Естеріңізде болса, мен наурыз айының басында спутниктік интернет бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз деген болатынмын. Нәтижесінде OneWeb жаңа буынды спутник арқылы интернетті тестілеу үшін жерүсті станциясының жабдықтарын монтаждай бастады (бұл Старлинктің баламасы, геостационарлық емес спутниктер). Илонк Маск компаниясына да тестілеуге қатысуға ұсыныс жасадық. Біз барынша Қазақстан халқын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатырмыз. Тестілеудің барысы жайлы қосымша хабарлап отырамын»,-деп жазған министр.
Еске салар болсақ, Илон Масктың «Starlink» жер серіктік жобасы - Жер тұрғындарын кең жолақты тегін Интернетпен қамтамасыз ету үшін жасалған болып, ол 2018 жылдың ақпанында басталды. SpaceX жобасының құнын 10 миллиард долларға бағалаған. Оның мақсаты - әлемнің кез келген нүктесінде жоғары жылдамдықты Интернетке қол жетімділікті қамтамасыз ету. Жоспар бойынша SpaceX ғарыштық компаниясына тиесілі Starlink спутниктік интернет жобасы әлемді 2021 жылдың қыркүйегіне дейін үздіксіз және оңтайлы интернетпен қамтамасыз ете бастайды.