Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігі Қазақстандағы болған жағдайларға байланысты брифинг өткізді.
Онда Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды қатысып, журналистерге Қазақстандағы болып жатқан жағдайды шетелдік БАҚ-тарда жарияланған кейбір жалған ақпаратқа сеніп қалмай ресми мәліметтерге назар аударуға шақырып, бүгінгі ахуал туралы ақпарат берді.
Жаңалықтарды бақылай отырып, кейбір шетелдік БАҚ Қазақстандағы болып жатқан жағдайды бір жақты жариялап отыр. ҰҚШҰ күштерін қолдану және биліктің болып жатқан оқиғаларға реакциясы туралы қате түсінік бар.
Болған оқиғалар жан-жақты сипатта болды. Таза экономикалық талаптардан басталған наразылық акцияларын террористік топтар елдің конституциялық құрылысына нұқсан келтіру үшін пайдаланды.
2022 жылдың 2 қаңтарында Маңғыстау облысында сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасының литріне 60-тан 120 теңгеге дейін көтерілуіне қарсы демонстрациялар басталды.
Наразылық білдірушілер оларды бұрынғы деңгейіне дейін төмендетуді және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы бірқатар мәселелерді шешуді талап етті.
Наразылық толқыны бірқатар басқа қалаларда да жалғасты. Қазақстан Президенті азаматтарды газ бағасының көтерілуіне қарсы митингілер аясында арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды.
Акцияға қатысушылармен диалогты жалғастыру және туындаған проблеманың шешімдерін іздеу үшін Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік комиссия мен митингіге қатысушылардың талаптарын қарау үшін Республикалық штаб құрылды.
4 қаңтарда Үкімет газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендету бойынша шаралар қабылдады, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, жанар-жағармай материалдарына және коммуналдық қызметтерге бағаны көтеруге мораторий енгізді.
Сонымен қатар, бағалық сөз байласу күдігі бойынша сұйытылған газды көтерме саудада өткізушілерге қатысты тергеу басталды.
5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қазақстан үкіметінің отставкаға кетуі туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл әрекеттер нақты саяси ерік-жігер мен келіспеушіліктерді диалог арқылы шешуге деген ұмтылысты көрсетті.
Мемлекет басшысының қоғамдық тәртіпті сақтау туралы бірнеше рет шақырғанына қарамастан, бірқатар ірі қалалардағы наразылықтар жағдайды ушықтыру және зорлық-зомбылық әрекеттері үшін деструктивті элементтермен пайдаланылды.
Осыған байланысты Президент елдің барлық аумағында төтенше жағдай енгізілгенін жариялады.
Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуы әкімшілік мекемелерге, полиция бөлімшелеріне, азаматтық тұлғаларға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге және журналистерге жаппай қарулы шабуылдармен бірге Құқықтық тәртіп органдарына ашық қарсылық көрсетуге көшті.
Айта кету керек, алғашқы күндері әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси талаптармен басталған бейбіт наразылық білдірушілердің әрекеті кейіннен нақты талаптарсыз қарулы қақтығысқа айналды. Төтенше жағдайдың талаптары еленбеді. Бейбіт азаматтарға тікелей қауіп, ал стратегиялық нысандарда диверсия қаупі төнді.
Ең ауыр жағдай Алматы қаласында болды. 5 қаңтарда Алматыда әкімшілік және әскери нысандарға ұйымдасқан шабуылдар, әуежайды басып алу және жолаушылар мен жүк ұшақтарын ұстап тұру жағдайлары байқалды. Алматы қалалық ішкі істер департаменті ғимаратының айналасындағы шайқас екі түнге созылды.
Елдегі жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметіне кірісті. 6 қаңтарда ол ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді жоюға және Қазақстан азаматтарының өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған елде терроризмге қарсы операцияны бастау туралы бұйрық берді.
Жағдайды талдау барысында, Қазақстан үйлестірілген лаңкестік топтардың қарулы агрессиясына ұшырағанын, және олар қатарында шетелдік жауынгерлер де бар екенін көрсетті.
Алдын ала мәліметтер бойынша, шабуылдаушылар арасында радикалды ислами топтардың «негізгі ошағында» болған жауынгерлік тәжірибесі бар адамдар бар екені белгілі болды.
Лаңкестер әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының киімін киіп, жеке байланыс құралдарын пайдаланған. Тәртіпсіздіктер бір мезгілде республиканың 11 облысын қамтып, бұл Алматыда қауіпсіздік шараларын күшейтуге мүмкіндік бермеді. Террористер Қазақстан астанасына соққы беру үшін сондағы құқық қорғау күштерін қадағалаймыз деп үміттенген.
Жағдайды объективті бағалай отырып, ел Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шартының 2 және 4-баптарына сүйене, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттерге республикадағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесу үшін бітімгершілік күштерін жіберуді сұрады.
Бітімгершілік күштердің мандатына Нұр-Сұлтан, Алматы және Алматы облысындағы стратегиялық нысандарды күзету кіреді. Террористік топтарға қарсы іс-шараларды құқық қорғау органдары мен Қазақстан Қарулы Күштері жүргізеді.
ҰҚШҰ ұжымдық күштері Қазақстан аумағында уақытша болып, жағдай тұрақтанғаннан кейін елден кетеді.
Өкінішке орай, тәртіп сақшылары, әскерилер мен бейбіт тұрғындар арасында да адам шығыны бар. Қауіпсіздік күштері арасында 16 адам өліп, 1300 адам жараланды. Зардап шеккендердің жалпы саны нақтыланып жатыр.
Бұл біз және қаза тапқандардың туыстары мен бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен қасірет.
Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі қайғылы оқиғалар салдарынан адам өліміне байланысты Қазақстан Президенті 2022 жылғы 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қазақстан халқының ынтымағын, олардың бейбіт өмірдін қалпына келтіру жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімдері мен іс-әрекеттерін атап өткен жөн.
Өзбекстан басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді. 6 қаңтарда Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері арасында телефон арқылы әңгіме болып, Шавкат Миромонович Мирзияев Қазақстан халқы мен басшылығына олардың елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге деген ұмтылысын үнемі қолдайтынын айтты.
Ташкенттегі Қазақстан Елшілігінің атынан Қазақстан-Өзбекстан шекарасының жабылуына қатысты жалған хабарламаларды жоққа шығарғым келеді. Өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеді және жұмыс істеуде. Әуе қатынасы қалпына келтірілуде.
Бүгінде Қазақстандағы жағдай тұрақтанды. Терроризмге қарсы операция шеңберінде қылмыстарға қатысқан адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жақын арада, алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары Қазақстанға қарсы террористік агрессияның қосымша мәніметтері мен дәлелдемелерін ұсынатын болады, деп түйіндеді Дархан Амангелдіұлы.