Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының қызыл аймақта екені ескеріліп 21 наурыз күні локдаун енгізіледі.
«Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Өткен мереке күндерінен кейін коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны күрт көбейді. Осыған байланысты қосымша карантиндік шектеулері бар қаулы 18 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Наурыз мейрамына орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Індеттің өршуіне жол бермеу керек. Медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлеріне шамадан тыс жүктеме болмас үшін қатаң санитарлық нормалар сақталуы қажет, яғни бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек», - деген Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.
Сайттағы мәлімет бойынша, жексенбіде сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда орталықтары (оларда орналасқан дәріханаларды, сондай-ақ тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сататын және орналасқан жеріне қарамастан қызметіне рұқсат етілген объектілерді қоспағанда), жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауарларды өткізетін объектілер, жабық спорт объектілері, ХҚО, «Қазпошта» АҚ секілді мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.
18 наурыздан бастап кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмыс істемейді және дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуіне байланысты жексенбі күні қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады, - делінген қала әкімдігінің ресми сайтында.