Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасына жергілікті вакцинаның 10 мың дозасы жеткізілді.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, қазақстандық QazVac вакцинасы бірінші компонентінің 5 мың дозасы, екіншісінің 5 мың дозасы қалалық емханаларға, сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлеріне бөлінді.
Сондай-ақ QazVac препаратты «Медикер Астана» ЖШС, «Медикер педиатрия», «отбасылық дәрігерлер клиникасы», UMC корпоративтік қоры орындарынан алуға болады.
«Жергілікті вакцина біраздан бері болған жоқ. Жұрттың бір бөлігі бұл вакцинаның түсуін күтіп жүрді, енді ол қолымызға түсті. Айта кетейік, вакциналар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі СК-Фармациямен бірлескен бұйрығы мен кестесіне сәйкес таратылады. 10 мың доза тізім бойынша қолда бар вакцинациялау пункттеріне үлестіріледі. Бүгін-ертең егу пунктілеріне жеткізілуі тиіс», - деген қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарма екінші компонентті алуда қиындық болдырмас үшін азаматтардан мүмкіндігінше бір жерден алуды, яғни екі компонентті де вакцинацияның бір пунктінде алуды сұраған.
«Бірінші компонентті бір пункттен, екіншісін мүлдем басқа пунктен алуға келгендер болды. Біз қала тұрғындарынан тиісті уақытты сақтай отырып, бір пунктте вакцина алуды сұраймыз», - деп толықтырған басқарма.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында вакцинаның екі түрі бар: ресейлік «Спутник» және қазақстандық «QazVac».