Қатар шейхі «Манчестер Юнайтед» клубын сатып алу үшін 6,3 миллиард доллар ұсынды
Қатардағы ең ірі банктердің бірі – Qatar Islamic Bank (QIB) президенті шейх Джасим бен Хамад Әл Тани «Манчестер Юнайтед» клубының 100 пайыз акциясын сатып алуға ресми өтініш берді.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қатар шейхі клуб үшін 5 миллиард фунт стерлинг (6,3 миллиард доллар) ұсынуға дайын.
Басылым дерегінше, QIB президентінің ұсынысында «клуб үй-жайлары мен басқа да инвестициялар үшін қосымша сомалар» бар. Футбол клубын сатып алуға тағы бір үміткер – сэр Джим Рэтклифф та өтініш білдірген.
Қазіргі уақытта «Манчестер Юнайтед» үшін ұсынылып отырған рекордтық ақша сомасына қарамастан, Глейзерлер отбасы «МЮ» үшін 6 миллиард фунт стерлинг алуды жоспарлап отыр.