Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты футболдан әлем чемпионатына шақырды.
«Алдымыздағы айдың соңында Қатарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Осы ретте Қазақстанның футбол жанкүйерлерін әлемдік доданы тамашалауға шақырамын. Сондай-ақ, бүгін мен Президент мырзаға да футболдан әлем чемпионатын көруге шақыруымды жеткіздім. Сол уақытта Қазақстанда Президент сайлауы өтетіндігін білемін. Дегенмен, Сізді осы чемпионатқа келеді деп үміттенемін», - деді Қатар Әмірі Ақордада Қазақстан Президентімен кездесуден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Бүгін Қазақстан астанасында осы елге мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірін қарсы алу салтанаты өтіп, Ақордада екі елдің делегаттары қатысуында шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізілді.
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді қазақ-қатар қарым-қатынасын тұрақты дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін елдің ең жоғарғы наградасы – «Алтын қыран» орденімен марапаттады.