Қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті.
KAZINFORM мәліметінше, жиында ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы негізгі үрдістер қарастырылып, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың, сондай-ақ Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің ақпараты тыңдалған.
«Мемлекет басшысы көші-қон саясатын іске асыруда геосаяси факторлар мен сын-қатерлерді, демографиялық болжамдарды және халықтың көшу себептерін есепке алудың маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, заңсыз көші-қонды болдырмау бойынша бақылауды қамтамасыз ету, елдің адами капиталын арттыруды ынталандыру қажеттігіне назар аударды.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке бірқатар нақты тапсырма берілді, соның ішінде мемлекеттік органдардың функционалдық міндеттеріне сараптама жасау мен қайта қарау және көші-қон саласындағы барлық ақпараттық жүйені интеграциялау ісін күшейту міндеті жүктелді», делінген хабарламада.