Бүгін - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен бекітті, деп жазды Қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің X парақшасында.
— Бүгін - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен бекітті. Халқымыз атом қаруын сынаудан қатты зардап шекті. Мұндай қасірет қайталанбауға тиіс. Біз кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін бейбітшілікті нығайтып, халықаралық әріптестікті дамыта түсуіміз керек. Ядролық қарудан және сынақтардан біржола бас тартуға күш салуымыз қажет. Бейбітшілік пен қауіпсіздік — бүкіл адамзатқа ортақ ең басты құндылықтар, — деп жазған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, 2009 жылдың 29 тамызында Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары негізінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні бекітілген.
Бұл маңызды күннің 29 тамызға белгіленуі тегін емес. Өйткені 1991 жылдың дәл осы күні әлемдегі ең ірі сынақ алаңдарының бірі – Семей (Семипалатинск) ядролық полигоны жабылған еді.