Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 10 қарашада Қарақалпақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша бейнеконференциялы жиын өтті.
Қарақалпақстан Республикасын 2020-2023 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасы жасалып, бағдарламаға сәйкес облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа кәсіпкерлікке бірқатар салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар, Тахтакөпір, Бозатов, Шуманай аудандарында және дамудан артта қалған 45 жағдайы нашар махалла мен ауылдарда өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында жаңадан құрылған кәсіпорындар да жеңілдіктер алатын болады.
Бағдарламада сонымен қатар ауыл және су шаруашылығы саласында бірқатар міндеттер белгіленген. Оның ішінде мақта өсіру тоқтатылып жатқан 12 мың гектар жерге экспортқа бағытталған көкөніс дақылдарын егу, пайдаланудан шығарылған 36 мың гектар алқапты қайта өғдеу және «Қарақалпақ-Агро» еркін экономикалық аймағын құру солар қатарында. Күнжіт өсіру және асыл тұқымды мал санын көбейту мен Ходжелі ауданын мал өсіруге және жеміс-көкөніс өсіруге мамандандыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, жылына 2,5 миллиард текше метр суды үнемдеуге бағытталған шаралар қабылданатын болады. Ол үшін 14,2 мың шақырым каналдарды жөндеу, 45 мың гектар егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізу, су тарату орындарында есептегіш құралдарын орнату және лазерлермен 38 мың гектар жерді тегістеу маңызды.
Атап айтқанда, жоғарыда айтылған аудандарда өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту үшін 2021-2023 жылдары құны 409 миллиард сумды құрайтын 172 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Алдағы 3 жылда 856 шақырым автокөлік дәлізін салу және жөндеу, 2,5 мың шақырым ауыз су желісін құру есебінен қамтамасыз ету деңгейін 70% -ға дейін арттыру көзделген. Жас отбасылар мен күнкөрісі төмен тұрғындар үшін 7 мың пәтерлік 235 үй мен 2084 пәтерлі 36 көп қабатты тұрғын үй салынады деп айтылды.
Мемлекет басшысы Қарақалпақстанды дамыту бағдарламасына орай: - Жалпы алғанда, Қарақалпақстанда жұмысты ұйымдастыру мен бақылаудың жаңа жүйесі құрылады. Осы мақсатта «Олий Мажлис» Сенатында Арал өңірін дамыту, өңірдегі халықтың тұрмысын жақсарту және кірістерін арттыру бойынша жаңа комитет құрылды, - деді Шавкат Мирзияев.