Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Қарақалпақстандағы тәртіпсіздікте 100-ден астам тәртіп сақшысы ауыр жарақат алған
16:52 / 2022-07-07

2022 жылдың 1-2 шілдесі күндері Нөкіс қаласында болған оқиға көп ұлтты Өзбекстан халқының тыныштығын бұзды.

Өзбекстан СІМ мәліметінше, Қарақалпақстандағы жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың шабуылы салдарынан 107 құқық қорғау қызметкері ауыр жарақат алды. Олардың 23-інің жағдайы ауыр хәлде. Жалпы, мемлекеттік органдардың 270 қызметкері түрлі дәрежеде жарақат алған.

Министрлік Қарақалпақстандағы оқиғаларға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында таралып жатқан негізсіз ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасап, онда болған оқиғаларға қатысты түрлі болжамдар мен сенімсіз мәліметтерді асыра сілтеп жатқан түрлі БАҚ дерегіне сенуге болмайтынын айтқан.

2022 жылдың 1-2 шілдесінде Нөкіс қаласында Өзбекстан Республикасының конституциялық құрылысын, аумақтық тұтастығы мен бірлігін бұзуға әрекет жасалды. Конституцияға өзгертулер енгізу жөніндегі қоғамдық ұсыныстарға наразылық білдіреміз деген желеумен арам пиғылды адамдар зорлық-зомбылық акцияларын, қақтығыстарды, мемлекеттік ғимараттарды басып алуға әрекет жасауды ұйымдастырғанын айтады, СІМ.

Бұл заңсыз әрекеттер сепаратизмді өршітуге, бейбіт, біртұтас және демократиялық елді бөлшектеуге және тұрақсыздандыруға бағытталған алдын ала ойластырылған диверсияның белгілері бар екені мәлім болды.

Популистік ұрандармен ұялы телефон мен интернет арқылы жалған ақпарат таратып, жауласушы күштер азаматтарды конституцияға қарсы әрекеттерге тартуға тырысты. Бұл Интернетке қосылуды уақытша шектеу шараларын қолдануға мәжбүр етті.

Жаппай тәртіпсіздік пен наразылық кезінде Жуқорғи Кенгес – парламент ғимаратына, Нөкіс қалалық ІІБ және Ұлттық гвардия департаментінің ғимараттарына басып кіру, атыс қаруын тартып алу, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін бірнеше рет кепілге алуға әрекет жасау, әртүрлі жерлерде өрт қою, мемлекеттік, қоғамдық ғимараттарды қирату және жеке мүліктерді бұзу мен қирату жұмыстары жүргізіліп, қаланың инфрақұрылымына үлкен зиян келді.

Сонымен қатар, шабуылдар нәтижесінде 107 тәртіп сақшысы ауыр жарақат алды, олардың 23-інің жағдайы әлі ауыр. Жалпы мемлекеттік органдардың 270 қызметкері әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды.

Тәртіпсіздікке қатысқандардың қатыгездігі халықтың санасын басқарған бір топ адамдардың арандатушылық әрекеттерінің салдары болды және оны азаматтардың бейбіт шеруі деп атауға болмайды.

Осы заңсыз әрекеттердің салдарынан бұрын жарияланғандай 18 адам қаза тапты. Айта кету керек, шабуылдарға белсенді қатысқандардың көпшілігі есірткі мен алкогольдік ішімдік әссерінен мас күйде болған.

Өзбекстан үкіметі билікті күшпен басып алуға, сепаратистік идеяларды насихаттауға, өшпенділік пен алауыздық тұқымын таратуға, зорлық-зомбылық пен жаппай тәртіпсіздікке шақыруға бағытталған кез келген заңсыз әрекеттерді қатаң айыптайды.

Қабылданған шаралар мен құқық қорғау органдарының әрекетінің арқасында заңға қайшы әрекеттердің жолы кесілді.

Қазіргі кезде Қарақалпақстанда болған оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Өзбекстан адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттардың мүшесі ретінде ашық, тәуелсіз және бейтарап тергеу қағидаттарына, сондай-ақ тиісті процесс пен әділ сот талқылауына кепілдік беруге толығымен бейілді. Тергеу нәтижелері тиісті халықаралық ұйымдардың назарына жеткізілетін болады.

Дәл қазіргі уақытта Қарақалпақстан аумағында ұялы байланыс толық қуатта жұмыс жасап, азық-түлік дүкендері, базар, наубайхана, банк, аурухана және басқа да әлеуметтік нысандар жұмыс істеуде. Электр, газ, су мемлекеттік режимде берілуде.

Өзбекстанның тиісті мемлекеттік органдары Қарақалпақстандағы оқиғалар туралы жұртшылықты күн сайын хабардар етіп отыр. Сондықтан ол жерден ақпарат алу мүмкін емес деген мәлімдемелер негізсіз, екені айтылады Өзбекстан СІМ хабарламасында.