Жаңа 2025 жылдың алғашқы күндерінде Қарақалпақстан Республикасы «Элликқала» ауданының орталығы қақпасында «Өзбекстан – 2030» стратегиясының монументі орнатылды.
Аталған монументтің ашылу салтанатына кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, махалла төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Атап өтілгендей, «Өзбекстан – 2030» стратегиясының рәмізінің негізінде «Жаңа Өзбекстан» мен «Үшінші Ренессанс» символы ретінде «Жаңа Өзбекстан» саябағындағы Тәуелсіздік монументі бейнесі алынған.
Рәмізде бейнеленген Тәуелсіздік монументі елдің тарихы, қазіргі күні мен болашағының өзара үйлесімділігін білдіреді. Оның биікке ұмтылуы халықтың бірлігі мен ынтымағын, елдің әлем мемлекеттерімен өзара түсіністігін және бейбіт саясатты айшықтайды. Сондай-ақ жоғары қарай бағытталған сызықтардың динамикасында «Өзбекстан – 2030» стратегиясының бес басым бағыты мен 100 мақсатын толық әрі табысты жүзеге асыру идеясы көрініс тапқан.

Монументтің жоғарғы бөлігінде бақыт, еркіндік және бейбітшілік символы болып саналатын қанатын жайған Хумо құсы бейнеленген. Ол үш мың жылдан астам мемлекеттілік тәжірибесіне ие, сонымен бірге жасампаз, еркін, еңбекқор әрі жомарт халыққа арқа сүйейтін мемлекет бейнесін көрсетеді. Хумо құсына жалғасқан бағандар адам құқықтары мен еркіндіктері, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, білім мен тәрбие, мемлекет пен қоғамның тепе-теңдігін бейнелейді.

Стратегия рәмізінде жаңа редакциядағы Өзбекстан Конституциясында бекітілген «Жаңа Өзбекстан – әлеуметтік мемлекет» қағидасының бейнелі көрінісі ретінде үшбұрыш элементі қолданылған. Бұл халықтың барлық топтарын қорғау, оларға тең мүмкіндіктер жасау, әсіресе отбасылар, балалар, әйелдер, қариялар және мүгедектігі бар адамдарды жан-жақты қолдау, жұмыссыздықтан қорғау, кепілді сапалы білім беру, білікті медициналық көмек көрсету мемлекеттің басты міндеті екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, бұл бейне елде жүзеге асырылып жатқан барлық реформалардың адамның қадір-қасиеті мен әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын көрсетіп, мемлекеттің ең қымбат байлығы – халық екенін білдіреді. Бұл элемент халқымыздың теңдік, әлеуметтік әділеттілік және ынтымақ идеяларына адал екенін паш етеді.