Қарағандыда 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті
Қазақстанның Қарағанды олысы «Қарабас» өткелінде 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, осы оқиғаға байланысты аталмыш учаскеде барлық пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
«17 қараша күні, таңғы сағат 6.15-те Қарағанды облысының Қарағанды – Сұрыптау – Ақадыр учаскесінің 767 Қарабас – ОП аралығында жүк пойызының 14 вагоны рельстен шығып кетті. Учаскеде жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, рельстен шығып кету жеке меншік иелеріне тиесілі вагондардың істен шығуына байланысты болды», - делінген хабарламада.
Аталмыш факті Қарағанды облысының көлік полициясында тіркелді. Кінәлілер теміржол көлігінің қозғалысы мен пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.