Ресей президенті Владимир Путин Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру туралы жарлыққа қол қойды.
Путин ел халқына жасаған арнайы бейне үндеуінде республика аумағында ішінара жұмылдыру туралы жарлыққа қол қойғанын айтып, оны жүзеге асыру шаралары 21 қыркүйекте басталатынын мәлімдеді.
Жарлыққа Ресейді, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, ресейліктер мен азат етілген аумақтар тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қорғаныс министрлігінің ұсынысы бойынша қол қойылған.
Президенттің айтуынша, жарияланған жұмылдыру аясында тек резервтегі әскери қызметшілер, ең алдымен, «қарулы күштер қатарында қызмет еткен, белгілі бір әскери мамандықтары және тиісті тәжірибесі барлар» ғана шақырылады. Бөлімшелерге жіберілмес бұрын олар Арнайы әскери операция тәжірибесін ескере отырып, міндетті түрде қосымша оқудан өтеді.
Ол сондай-ақ жұмылдыруға шақырылған барлық ресейліктер келісім-шарт бойынша қызмет ететінін, төлем және барлық әлеуметтік кепілдіктерін алатынын айтқан.