Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Путин Пхеньянда КХДР басшысымен кездесті
15:43 / 2024-06-19

Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Корей Халық Демократиялық Республикасына барды.

Жоғары мәртебелі мейманды Пхеньян әуежайында Ким Чен Ын жеке өзі қарсы алды.

Путин бұған дейін Пхеньянға 24 жыл бұрын – 2000 жылдың шілдесінде, президент инаугурациясынан екі ай өткен соң келген. Ол кезде КХДР басшысы Ким Чен Ынның әкесі Ким Чен Ир еді.

Ресей басшысымен бірге бұл сапарда премьер-министрдің бірінші орынбасары Денис Мантуров, вице-премьер Александр Новак, қорғаныс министрі Андрей Белоусов, сыртқы істер министрі Сергей Лавров және лауазымды азаматтар бар.

2019 жылы Ким Чен Ын алғаш рет Владивостокқа пойызбен келіп, Путинмен кездескен.

РФ Президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Ресей тең құқылы диалогты жақтаушы ретінде кез келген қиындықтарға қарамастан әлемнің барлық елдерімен, әсіресе ең жақын көршілерімен ынтымақтастыққа ашықтығын көрсетіп отыр.