Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барған Самарқанд облысы әкімінің міндетін атқарушы Адиз Бобоев Пусан қаласының мэрі Пак Хён Чунмен кездесіп, Пусанда «Самарқанд сауда үйін» ашу жөнінде келісімге қол жеткізді.
Самарқанд облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында А.Бобоев Самарқандтың Орталық Азиядағы басты логистикалық орталықтардың бірі екеніне назар аударды. Сондай-ақ ірі автомобиль және темір жол желілері арқылы тауарларды жылдам әрі тиімді жеткізу мүмкіндіктері жайлы ақпарат беріп, кореялық кәсіпкерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Өңірлер арасындағы әлі пайдаланылмаған мүмкіндіктерді ескере отырып, электроника мен электротехника, металлургия, фармацевтика және биофармацевтика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, KOICA-ның Самарқандтағы табысты бағдарламалары негізінде Пусанның кеме жасау және өнеркәсіптік кәсіпорындарына білікті жұмысшыларды тарту, миграция және еңбек ресурстарын басқару мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді.
Пусан қаласының мэрі Пак Хён Чун Самарқандпен өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

