Өзбекстанда «P.B.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі немістің әйгілі «Puma» сауда белгісінің зияткерлік құқықтарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Әділет органдары жүргізген тексеру нәтижесінде кәсіпорынға 40 миллион сум көлемінде әкімшілік айыппұл салынды және құқық бұзушылықты дереу тоқтату туралы талап қойылды.
Министрлік мәліметінше, соңғы уақытта Өзбекстанда зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында өзге компаниялардың брендтерін рұқсатсыз пайдалану фактілері жиілеп барады.
Атап айтқанда, Германияның «Puma SE» компаниясының өтініші негізінде «P.B.» ЖШС-нің заңсыз әрекеттері бойынша іс қаралған.
Тексеру барысында кәсіпорынның «PUMA» логотипі бар контрафакт өнімдерді нарыққа шығарғаны анықталды. Бұл жағдай шетелдік брендтің беделіне нұқсан келтіріп, тұтынушыларды шатастыру қаупін туғызған.
Нәтижесінде әділет органдары кәсіпорынға әкімшілік жаза қолданып, аталған сауда белгісіне қатысты барлық заңсыз әрекеттерді тоқтату жөнінде нақты нұсқама берді.
Мамандардың пікірінше, мұндай шаралар елде әділ бәсекелестік пен зияткерлік меншік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.