French
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Президент туризм саласын нығайтуға арналған кеңес өткізді
22:01 / 2023-10-11

Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 11 қазанда туристік және мәдени орталықтардың әлеуетін толық пайдалану, «Жасыл кеңістік» жалпыұлттық жобасының күзгі маусымын ұйымдастыру мәселелеріне арналған бейнеселекторлық кеңес өтті.

Туризм экономика үшін қосымша және сарқылмайтын ресурс екені белгілі. Сондықтан әр ел туристерді тартуға тырысады. Өзбекстанда осы салада кең мүмкіндіктердің жасалуының нәтижесінде қонақтарды қабылдайтын орындар, саяхаттау орындары мен бағыт-бағдар саны артып келеді.

Өткен 8 айда республикаға 4,3 млн шетелдік турист келіп, олардан 1,4 млрд доллар түскен. Қосымша демалыстар мен жеңілдіктер нәтижесінде отандық туристер саны 15 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан.

Туризм инфрақұрылымы тұрақты дамып келеді. Биыл 15 мың жаңа қонақ орны құрылып, олардың саны 137 мыңға жетті. 540 демалыс және ойын-сауық нысандары салынды, 70 туристік бағыт ашылды.

Сондай-ақ 6 жеке әуе компаниясы жұмыс істей бастады, 23 жаңа ұшақ жеткізілді, 20 халықаралық және 6 ішкі рейс ашылды. Самарқанд әуежайындағы апта сайынғы халықаралық рейстер 46-дан 85-ке дейін өсті. 1 мың 300 заманауи автобус сатып алынып, 38 бағыт ашылды.

Кездесуде туристерді көбейтудің жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

Ең алдымен көршілес елдерден, Ресей мен Қытайдан туристерді тартуға қолайлы мүмкіндік бар екені айтылды. Атап айтқанда, еліміз аймақтары Қытай провинцияларымен ынтымақтастық орнатқан. Осыны пайдалана отырып, өңірлеріміздің туристік әлеуетін насихаттап, Қытайдан жылына 1 миллион турист тартуға болатыны айтылды.

Өзбекстанға алыс елдерден туристердің келуі де артқан. Мәселен, Үндістан, Жапония, АҚШ, Италиядан келетін туристер саны 3-4 есеге артқан. Бір ғана Хорезмге Испаниядан 40 мың турист келген. Бірақ олар транзитпен келетіндіктен, артық шығын жасауда. Мадридтен елімізге рейс ашылса, туроператорлар туристер санын 4 есеге арттыруға дайын екендіктерін білдірді.

Сондықтан Көлік министрлігіне шетелдегі елшілерімізбен бірге әуе қатынасын арттыру шараларын қабылдау тапсырылды.

Жақында 16-20 қазанда Самарқандта алғаш рет Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясы өтеді. 128 елден мыңнан астам қатысушы келеді деп күтілуде, оның ішінде 79 туризм министрі мен 24 вице-министр.

– Бұл шара – еліміздің туристік әлеуетін көрсетудің тамаша мүмкіндігі, – деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан Қарақалпақстан Республикасы мен облыстардан сала өкілдерін тартып, әр өңірдің тарихын, табиғатын, мәдениетін, қасиетті жерлерін, тағамдарын, туристік жерлерін, маршруттарын көрсетіп, жобалар ұсынып, келісімге келу қажеттігі баса айтылды. 

Мәдени шаралар туристерді тартудың тағы бір негізгі бағыты болып табылады. Президент бастамасымен Қарақалпақстан мен кейбір облыстарда фестивальдар ұйымдастырылған. Осы тәжірибені негізге ала отырып, қалған аймақтарда туристерді тартатын мәдени-көпшілік шараларды көбейту тапсырмасы берілді.

Мемлекет басшысы кинематографияның ел имиджіндегі рөліне ерекше назар аударды. Бұл жөнінде Мәдениет министрлігі мен Кинематография агенттігіне тапсырма берілді.

«Жібек жолы» халықаралық туризм университеті мамандарының қатысуымен қызмет көрсету сапасы мен сала қызметкерлерінің біліктілігі және мәдениетін арттыру міндеті қойылды.

Жергілікті саябақтар мен демалыс саябақтарын жандандыру, тематик туризм көшелерін ұйымдастыру, өнер ұжымдарын киім-кешек және керек-жарақтармен қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.

Жиында «Жасыл кеңістік» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар да сөз болды.

Республика көлемінде бұл шараның басталғанына 2 жыл болды. Осы кезеңде 1200 гектардан астам жасыл бақтар мен қоғамдық саябақтар, 1 миллион гектардан астам жасыл аумақтар пайда болды. Жалпы, қоғамда да, басшыларда да ағашқа деген көзқарас өзгерді.

Енді 25 қазан мен 1 желтоқсан аралығында «күзгі ағаш отырғызу маусымы» жарияланады. Биылғы маусымда 85 миллион көшет отырғызу жоспарлануда.

Ол үшін республикалық штаб құрылып, оның құрамына Ғылым академиясының, Топырақтану және Орман шаруашылығы институттарының, орман шаруашылығының басшылары енгізіледі. Олар топырақтың талдауы мен климаттық жағдайларға сүйене отырып, көшеттердің түрін анықтайды.

Орман шаруашылығы мекемесі әр ауданға 200 көшет тегін жеткізіп береді. Сондай-ақ, 15 қазаннан бастап барлық аудандар мен махаллада көшет жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Көшет егуге қызығушылықты арттыру мақсатында жол, темір жол, өзен, канал бойындағы жерлер жер санатын өзгертпей, тұрғындар мен кәсіпкерлерге келісім-шарт негізінде үлестірілетін болады.

Жұмыспен қамту министрлігінің Қоғамдық жұмыстар қорынан бөлінген қаражат енді махалланың өздеріне бөлініп, ағаш отырғызу, күтіп-баптау және тазалау жұмыстарына бағытталатын болады.

Облыс, аудан, қалаларда абаттандыру басқармалары бар екені белгілі. Бұл қызметтерді эксперимент ретінде жеке секторға беру ұсынылды. Бұл ретте әрбір көше ағаштармен лоттарға бөлініп, бір жылдық қаржыға ашық конкурсқа шығарылады. Шенеуніктерге осыған байланысты шарттар мен қаржыландыру тәртібін пысықтау тапсырылды.

Бүгінгі жиында қаралған мәселелер бойынша сала және өңір басшылары ақпарат берді.