English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Президент Ташкент қаласында жоспарланған құрылыс және абаттандыру жұмыстарының таныстырылымына қатысты
21:57 / 2022-03-07

7 наурызда Президент Шавкат Мирзияев Ташкент қаласында жоспарланған құрылыс және абаттандыру жұмыстарының таныстырылымына қатысты.

2025 жылы Ташкентте жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары өтетіні белгілі. Бұл турнирге біздің құрлықтан көптеген спортшылар мен жаттықтырушы, делегация, журналистер келеді. Осынау мәртебелі жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін Ташкенттің «Яшнабад» ауданында Олимпиада қалашығын салу жоспарлануда. Оның жобасын британдық инженерлік «Arup» компаниясы әзірлеген.

Жоба бойынша қала орталығындағы олимпиадалық стадион, екі жағында жабық спорт кешендері, су спорты сарайы, жаттығу алаңдары, ескек есу бассейні салынады. Барлық жағдай Азия Олимпиада кеңесі мен халықаралық спорт федерацияларының талаптарына сай орындалады. Сондай-ақ әкімшілік ғимарат, жатақхана, мұражай және шаруашылық нысандары бой көтереді.

Жарыстардан басқа уақытта қалашық оқу-жаттығу базасы қызметін атқарады. Мұнда Жоғары спорт шеберлігі институты, спорт федерациялары және басқа да саладағы мекемелер жұмыс істейді.

Тағы бір маңызды мәселе – қалашық орналасқан Жаңа Өзбекстан көшесінің бойында ағаш отырғызылып, саябақ салынады. Ол жұртшылық үшін ашық болады және саяхаттауға, спортпен айналысуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы жобаның құны мен спортшылар және көрермендер үшін жасалатын жағдайды сұрады. Жауапты тұлғаларға жыл сайын атқарылатын жұмыс көлемі мен қажетті қаржы көлемін есептеп, нақты жоспар құруды, құрылысқа тендер жариялауды тапсырды.

«Жасыл мекен» ұлттық жобасын жүзеге асыруға арналған жиында Президент жол жиегіне гүлді және жапырақты ағаштарды отырғызу мақсатқа сай екенін айтқан болатын. Бүгінгі презентацияда осыған байланысты жоспарлар талқыланды.

Осы мақсатта Ташкент қаласының 21 көшесі таңдалған. Оларға каштан, сирен, қызғалдақ, шынар, т.б. сол сияқты сәндік көшеттерді отырғызуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ағаштардың діңі түзу, тамыры күшті болуы үшін репикаж әдісімен өсіру көзделген.

Мемлекет басшысы әсем көшеттермен қатар, махаллаларға інжір, анар, құрма сияқты жеміс ағаштарын отырғызып, шұрайлы көшелер жасаудың маңызды екенін айтты.