Русский
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Президент Шавкат Мирзияев Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгеси сессиясына қатысты
19:21 / 2022-08-26

Нөкіс қаласында 26 тамыз күні Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгесинің кезектен тыс 34 сессиясы өтті.

Оны «Жуқорғи Кенгес» төрағасының орынбасары Атабек Давлетов жүргізді. Сессияның хатшылығы сайланып, күн тәртібі бекітілді. Онда, екі ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгесинің Төрағасы Мурат Камалов сырқатына байланысты өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш білдірді.

Бұл мәселе дауысқа салынып, Қарақалпақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес Жуқорғи Кенгес төрағасы Мурат Камаловтың өкілеттігін тоқтату және оны қызметінен босату туралы шешім қабылданды.

Сессияда Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгесинің Төрағасын сайлау мәселесі де қаралды. Қарақалпақстан Республикасы заңнамасына сай, бул орынға кандидатты депутаттардан құралған Ақсақалдар Кеңесі ұсынады. Сондықтан Ақсақалдар кеңесі құрылды.

Кеңес мүшелері кеңесіп, Аманбай Тлеубаевич Орынбаевты Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгесинің Төрағасы лауазымына ұсынды.

Сессияда Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Президент ретінде 6 жыл көлемінде басқа облыстарға қарағанда көбірек, яғни 9 рет Қарақалпақстанға келіп, ақсақалдар, кәсіпкерлер, жастармен тілдескенін атап өтті.

Осы кезеңде Қарақалпақстанды жан-жақты дамытуға бағытталған 31 қаулы мен жарлықтар қабылданды. Облыста кәсіпкерлік субъектілерінің саны екі есеге артып, 4500-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылды.

Қарақалпақстанда ауыз сумен қамтамасыз ету 40 пайыздан 68 пайызға, мектепке дейінгі қамту деңгейі 32 пайыздан 76 пайызға, жан басына шаққандағы табыс екі есеге өсті. 2017-2021 жылдары 26 400 тұрғын үй салынды.

Алайда, Қарақалпақстанға осыншама күш-жігер жұмсалып, қыруар қаржы бөлінсе де, ауыз су, ішкі жолдар, электр қуатымен қамтамасыз ету, жұмыссыздық, баға сынды мәселелерде түйткілді мәселелер сақталып қалғаны сынға түсті.

Мемлекет басшысы бұл лауазымға кандидатты бекітпес бұрын оның мәселелерді шешу және өңірді дамыту жөніндегі жоспарларын тыңдауды ұсынды.

Өз кезегінде кандидат Қарақалпақстанда кәсiпкерлiктi, аграрлық секторды және инфрақұрылымды дамыту, индустриялық жобаларды ұлғайту, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және жастарды қолдау бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Президент бұл ұсыныстарды мақұлдап, оларды жүзеге асыру мақсатында тек Қарақалпақстанға ғана пайда салығының, айналым салығының, мүлік салығы мен жер салығының ставкаларын 2 есеге төмендетуді тапсырды.

Мақта және астық алқаптарын қысқарту, әр отбасына 2 гектардан жер бөлу, Нөкіс қаласында индустриалды технопарк пен аудандарда бизнес аймақтарын құру, жолдарды жөндеу, электр, газ, сумен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша тапсырмалар берілді.

Президент Шавкат Мирзияев Аманбай Орынбаевтың көшбасшылық қабілетін, ұлтжандылығын және адами қасиеттерін ескере отырып, оның кандидатурасын құптайтынын білдірді.

–  Сіздің бір ғана міндетіңіз – халықтың көңілінен шығу. Әрбір ауданға, ауылға барып, халықтың өмір сүруіне лайықты жағдай жасау керек, – деді Мемлекет басшысы.

Жуқорғи Кенгес депутаттары, қоғам өкілдері сөз сөйлеп, кандидатты қолдады.

Санақ комиссиясы құрылды. Жасырын дауыс беру арқылы Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгесинің төрағасы болып Аманбай Орынбаев сайланды.

- Біз жаңа Төрағаны үлкен сеніммен және үлкен үмітпен сайладық. Енді ол өз жұмысын әділ, адал, жауапкершілікті, тәртіпті атқаруы керек. Халқымыз кең пейілді. Отан жалғыз! Біріксек, алдымызға қойған ұлы мақсаттарға жететініміз сөзсіз, - деді Мемлекет басшысы.

Осымен Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғи Кенгесинің сессиясы аяқталды.