Президент Шавкат Мирзиёев Самарқанд мемлекеттік университетінің биохимия институтының қызметімен танысты.
Бүгінде университетте 25 мыңнан астам студент білім алуда. Мұнда төрт институт – Агробиотехнологиялар және азық-түлік қауіпсіздігі институты, Инженерлік физика институты, Түркология ғылыми-зерттеу институты және Биохимия институты құрылған.


Биыл университеттің биология және химия факультеттерінің негізінде Биохимия институты ашылды. Ол үшін ауқымды құрылыс жүргізіліп, жеті жаңа ғимарат салынды. Атап айтқанда, жалпы саны мыңнан астам орындық 2 оқу корпусы, мәжіліс залы, оранжерея-жылыжай, биологиялық зерттеу зертханасы – виварий, ботаникалық зерттеу зертханасы – гербарий және студенттер асханасы салынды.
Маңыздысы, осылайша екі сала мамандарының бір салада ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік туды. Бұл биология мен химиядағы инновациялардың интеграциясын жаңа деңгейге шығарады.


Мемлекет басшысы институттың оқу кабинеттері, ғылыми зертханалардағы жағдаймен танысты. Профессорлар және оқытушылармен сұхбат құрды.
Болашақта онкологиялық препараттарды химиялық түрлендіру негізінде қатерлі ісіктерге қарсы іріктеп әсер ететін жаңа препараттарды жасау жоспары туралы айтылды.


Президент институт ғалымдарын шетелге оқуға жіберу, фармацевтикалық және химиялық өнімдерді дамыту, мақтаның, жүзімнің, астықтың жаңа сорттарын жасау жөнінде тапсырмалар берді.
Бүгінде Биохимия институтында 8 мамандық бойынша 2800 студент білім алуда. Жалпы, университетте 12 ғылыми және 67 оқу зертхана бар.