9 наурызда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қырғызстан Министрлер Кабинетінің Төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаровты қабылдады.
Кездесу басында Ақылбек Жапаров Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Өзбекстан көшбасшысына шынайы сәлемін жеткізді.
Осы жылдың қаңтар айында Бішкек қаласында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Өзбекстан-Қырғызстан арасындағы ауқымды стратегиялық серіктестік қатынастарын одан әрі дамытуға, экономика, сауда, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ өңіраралық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық алмасуларды жандандыруға ерекше назар аударылды.
Автокөлік өнеркәсібіндегі кооперация жобаларын жедел жүзеге асыру, мақта-тоқыма кластерлерін ұйымдастыру, электротехникалық өнімдер шығару, пайдалы қазбалар кен орындарын бірлесіп игеру маңыздылығы сөз болды.

Кездесуде Қамбарата-1 ГЭС-ін бірлесіп салудың практикалық аспектілері талқыланды. «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» темір жол жобасын белсенді дайындау қажеттігі көрсетілді.
Осы жылы екі ел арасындағы парламенттер, үкіметтер, сарапшылар, қоғам және жастар деңгейінде көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар бірлескен іс-шаралар жоспарланғаны айтылды.
Сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.