Мемлекет басшысына Ташкент қаласындағы құрылыс жобалары туралы ақпарат берілді.
Кейінгі жылдары Ташкент қаласы үлкен құрылыс алаңына айналды. Көптеген тұрғын үйлер, бизнес орталықтары, кәсіпорындар, бульварлар салынды. Енді урбанизация үдерісінде алдағыны ойлап, қала сыртында құрылыстар жүргізілуде.
Олардың ең маңыздылары – Олимпиада қалашығы мен Жаңа Ташкент жобалары.
Президент Шавкат Мирзиёев өткен жылдың 9 қарашасында Олимпиада қалашығы құрылысының іргетасын қалаған болатын. Оның аумағы 100 гектарды құрайды және 10 мың орындық жеңіл атлетика және футбол стадионы, 6 жабық және 7 ашық спорт нысандары, су спорты сарайы, велотрек, жекпе-жек, командалық спорт кешендері салынады. Мұнда 2025 жылы жастар арасында Азия және Параазия ойындары өтеді.

Жоба әлемнің 70 елінде спорт нысандарын салған қытайлық «CAMC Engineering» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Құрылысқа мыңнан астам жұмысшылар мен инженерлер, озық техника жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін 7 негізгі ғимараттың жерасты жұмыстары аяқталған. Келесі кезеңдер қарқынды түрде жалғасуда.
Осы ауданның жанынан тағы бір қала – Жаңа Ташкент салу жоспарланған. Мемлекет басшысы биылғы жылдың 18 наурызында оның ірге тасын қалаған болатын. Жобаның бірінші кезеңінде 60 мың тұрғынға арналған көпқабатты тұрғын үйлер, мемлекеттік мекемелерге арналған әкімшілік ғимараттар, саябақтар, әлеуметтік-экономикалық нысандар салынады.
Презентацияда осыған байланысты алғашқы жұмыстар туралы ақпарат берілді. Бүгінде қала құрылысы мен құрылысты үйлестіру бойынша дирекция құрылған. Аумақтың шекаралары Кадастр агенттігімен бекітіліп, түгенделен. Сингапур, Ұлыбритания, Нидерланды, Түркия компаниялары және жергілікті кәсіпкерлермен инфрақұрылымдық және сәулеттік шешімдердің әртүрлі кезеңдері бойынша келісім-шарттар жасалған.

Атап айтқанда, сингапурлық «Meinhardt group» компаниясы әзірлеген жобада әлеуметтік сала нысандарының орналасуына, көлік желілері мен оларды бас қаламен байланыстыратын жолдарға ерекше мән берілген.
Сондай-ақ таныстырылымда Ислам өркениетінің орталығының ішкі архитектурасы туралы да ақпарат берілді. Орталықта орын тепкен мұражай Ғұламалардың ғылыми мұралары мен олар өмір сүрген дәуірдің ортасын көрсетеді.
Мемлекет басшысы жобаларды уақытылы және сапалы салу бойынша қосымша тапсырмалар берді.