Arabic
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Президент өнеркәсіптік-энергетикалық кешендердің құрылысын бастап берді
20:14 / 2024-04-08

Өзбекстан Президенті Жызақ облысына жасаған сапары барысында индустриялық және энергетикалық жобалардың басталуына арналған салтанатты шараға қатысты.

Мемлекет басшысы сөзінің басында баршаны келе жатқан Ораза айт мерекесімен құттықтап, халықтың игілігі жолындағы әрекетіне береке тіледі.

Өнеркәсіптің дамуы тұрақты энергияға байланысты екені белгілі. Сондықтан бұл екі сала пропорционалды дамып келеді. Тек 2023 жылдың өзінде республикада 4600 өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Өнеркәсіп 6 пайызға өсіп, 656 триллион сумдық өнім өндірді.

Желіге жалпы қуаты 2,4 гигаватт болатын 7 ірі жылу, күн және жел электр станциялары қосылды. Сондай-ақ, 14 миллиард доллар шетелдік инвестиция есебінен қуаттылығы 12 гигаватт болатын 31 электр станциясы салынуда. Биыл Науаи, Бұхара, Наманган, Ташкент және Қашқадарияда 2,6 гигаватт қуат желіге қосылады. Жалпы, баламалы энергетиканы дамыту есебінен «жасыл» энергияның генерациядағы үлесі биыл 30 пайызға жетеді.

– Біз бұл жұмыстарды халқымызға лайықты өмір сүру жағдайын жасау және саламыздың дамуы үшін үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіп жатырмыз. Бұл барлық аймақтарда жақсы дәстүрге айналды, – деді Шавкат Мирзиёев.

Жызақ облысында мұндай жобалар көп. Соның бірі – «Ғаллаарал» ауданында құрылатын металлургия саласына мамандандырылған индустриялық аймақ. Онда 500 миллион доллардың 7 жобасы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, арматура, болат шарлар, құбырлар, автомобильдердің кузовтары мен арнайы техника өндірісі жолға қойылады. Сондай-ақ аумақта кеден қоймасы болады. Жалпы 5 мың жұмыс орны ашылады.

Екінші жоба – «Фориш» ауданында «China Poly Group» және «China Electric» компанияларымен бірлесіп салынатын күн электр станциясы. Құны 350 миллион доллар тұратын кешеннің қуаттылығы 500 мегаватт болады. Ол жылына 1,1 миллиард киловатт сағат «жасыл» энергия өндіреді. Бұл 450 мың үй шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету жақсарады деген сөз. Станцияның алғашқы 200 мегаватты осы жылдың соңында желіге қосылады.

Президент Шавкат Мирзиёев символикалық түймені басып, осы екі кешеннің құрылысын бастап берді.

Алдағы жылдары «Шараф Рашидов», «Фориш» және «Ғаллаарал» аудандарында қуаты 1660 мегаватт жылу, жел және күн электр станциялары салынады. Бұлар халықтың өмір сүру деңгейін арттырып, экономиканың дамуына қосымша серпін береді.