Қазақ
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Президент инвестиция, экспорт және өнеркәсіп саласына қатысты кеңес өткізді
21:34 / 2024-01-18

Президент Шавкат Мирзиёев 2024 жыл 18 қаңтар күні инвестиция, экспорт және өнеркәсіп салаларындағы басым міндеттерді талқылауға арналған бейне селекторлық кеңес өткізді.

«Өзбекстан-2030» стратегиясында елдің жалпы ішкі өнімін 160 миллиард долларға, жан басына шаққандағы табысты 4 мың долларға жеткізу міндеті белгіленген. Бұған тек ішкі нарықпен ғана қол жеткізу мүмкін емес, ең бастысы – шетелдік инвестицияны белсенді түрде тарту және экспортты арттыру.

Сыни рухта өткен жиын басында аталған салалардағы істердің жай-күйі мен лауазымды тұлғалардың қызметі қаралды.

Кейінгі алты жылда Өзбекстанға 50 миллиард долларға жуық шетелдік инвестиция құйылды. Өткен жылы жалпы ішкі өнім де, өнеркәсіп те 6 пайызға өсті.

Алайда тауар экспортында өсім байқалмады. Өзбекстан сертификаттарын тану бойынша шетелдік серіктестермен жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен құны 480 миллион долларды құрайтын 5 жобаны жүзеге асыру басталған жоқ. Өңірлерде қаржыландыруы толық аяқталып, құны 8 триллион сум болатын мыңға жуық жоба әлі іске қосылған жоқ.

Салғырттық танытқаны үшін Инвестициялар, индустрия және сауда вице-министрі Б.Абидов, Техникалық реттеу агенттігінің директоры Д.Саттаров, Шетелдік инвестицияларды тарту агенттігінің директоры М.Мирзаев қызметінен босатылды. Басқа да бірқатар басшыларға тәртіптік жаза қолданылатыны айтылды.

Жалпы, инвестициялық кешенге кіретін барлық министрлер мен әкім орынбасарларының қызметіне тиімділік көрсеткіштерін (KPI) енгізу туралы шешім қабылданды.

Жиында Мемлекет басшысы саладағы олқылықтарды нақты талдауға сүйене отырып айтты.

Мәселен, өткен жылы 2 драйвер желісі мен 4 өңірде 2022 жылмен салыстырғанда экспорт көлемі төмендеген. Экспорттың 50 пайызы бұрынғысынша 4 нарыққа кетеді. Немесе тауардың үштен бірі шикізат ретінде шетелге сатылады.

Өзбекстан «GSP+» жүйесіне қосылып, Еуропаға 6200 тауар түрін бажсыз алып кіру мүмкіндігіне ие болғанымен, өткен жылы бұл жүйе аясында тек 384 тауар түрі экспортталған. Жеміс-көкөністерді экспорттау үшін шет мемлекеттердің фитосанитарлық рұқсаты алынғанымен, олар толық пайдаланылмаған.

Расында, Өзбекстан экономикасын жаңа деңгейге шығару үшін экспортты жылына кемінде 30 пайызға арттыру қажет.

Мемлекет басшысы осыған байланысты маңызды міндеттерге тоқталып, құрылымдық реформаларды жария етті. 

Атап айтқанда, Өсімдіктер карантині және қорғау агенттігінің жүйесі, жұмыс әдістері мен тәсілдері толығымен өзгереді. Сондай-ақ жаңа әлеуетті нарықтарды тауып, экспортқа шығарылатын өнімдерді егуді ұйымдастыруға жауапты болады.

Соңғы жылдары жеміс-жидек, көкөніс және азық-түлік экспортына қажетті барлық сертификаттар мен рұқсаттар толығымен цифрландырылды. Бірақ әлі де бұл процесті шекарадағы 4 мекеме бақылайды. Сондықтан шекаралық бақылаудың барлық функцияларын Кеден комитетіне беру туралы шешім қабылданды.

Республикадағы көптеген кәсіпорындар халықаралық сертификаттаудың жоқтығынан жаһандық логистикалық тізбектерге қосыла алмайды. Экономиканың драйвер секторларында халықаралық стандарттарды енгізу деңгейі тіпті 35 пайызға да жетпейді.

Сондықтан Техникалық реттеу агенттігінің қызметі толығымен реформаланып, Үкімет құрамына өтеді. Шенеуніктерге кәсіпорындарға халықаралық сапа жүйелерін енгізу, сапасына кепілдік берілген өнімдердің түрлерін көбейту, ұлттық сертификаттарды екіжақты тану бойынша әлеуетті елдермен келісімге келу тапсырылды.

Экспортты несиелендіруге 200 миллион доллар ресурс бөлінді. Сондай-ақ биыл экспорттаушыларды қолдауға 800 миллиард сум бөлінуде. Бірақ берілген қаражат үнемі қосымша құнның және экспорттың көзіне айналмай тұр.

Сондықтан экспортты қолдау жүйесі де өзгереді. Экспортты ілгерілету агенттігі Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары негізінде Сауданы дамыту компаниясы болып қайта құрылады. Бұл компания беретін субсидия, несие мен көмектер жаңа рейтинг негізінде, ең алдымен қосылған құны жоғары өнімдері бар жаңа нарықтарға шығатын экспорттаушыларға бөлінеді.

Жергілікті өнімді сыртқы нарыққа жеткізу үшін сенімді логистикалық желілерді ұйымдастыру, өңірлік және ірі халықаралық жобаларды жеделдету, тауарларды кедендік өңдеуді кеңейту бойынша тапсырмалар берілді.

Жиында инвестиция тиімділігі мен алдағы жоспарлар да талқыланды.

Кейінгі алты жылда республика өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 7 есеге артты. Немесе соңғы үш жылда шетелден әкелінген 14 миллиард долларлық құрал-жабдық.

Бірақ өнеркәсіп көрсеткіштері, ашылған жұмыс орындары мен қосылған құн сәйкесінше өскен жоқ. Бірқатар өңірлер мен салаларда іске қосылған кәсіпорындар мен жабдықтар экспорт нәтижесіне әсер еткен жоқ. Жобалардың тиімділігіне бақылаудың жеткіліксіздігі сынға алынып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.

Өткен жылы Самарқанд пен Ташкент қалаларында, сондай-ақ 12 аудан мен қалада балық шаруашылығы, құс шаруашылығы, зергерлік, омарташылық және жібек өнеркәсібіне құйылған инвестиция көлемі салыстырмалы түрде азайған. Кейбір өңірлерде шетелдік сапарлар мен халықаралық көрмелер барысында келісілген инвестициялық жобаларды іске асыру баяу жүргізілуде.

Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігіне бұл жобаларды қадағалау және жеделдету тапсырылды.

Жиында тағы бір тақырып өнеркәсіп өндірісін арттыру туралы болды.

Осы мақсатта Өзбекстанда 24 арнайы экономикалық аймақ құрылған. Оларға оңайлатылған тәртіпте жер телімдерін беру және салықтан босату белгіленген. Бірақ бұл мүмкіндік толық пайдаланылмай отыр. Мысалы, республикада инфрақұрылымы бар мұндай аумақтардың 800 гектары бос жатыр.

Сондықтан экономикалық аймақтарды дамыту бойынша жаңа экспериментті жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Бұхара, Науаи және Ташкент облыстарындағы 240 гектар арнайы индустриялық аймақтарды аутсорсинг негізінде шетелдік компаниялар басқаратын болады.

Биыл арнайы экономикалық аймақтарда 309 ірі жобаны жүзеге асыру арқылы 40 мың жұмыс орнын ашуға болатыны айтылды.

Мемлекет басшысы жергіліктендіру мәселесіне ерекше назар аударды.

Министрлер Кабинетіне өңірлерде азыө-түлік өнеркәсібін дамыту бағдарламасын қабылдау тапсырылды. Атап айтқанда, республикада жоғары сұранысқа ие азық-түлік өнімдерінің 25 түрін шығаруды жолға қою, азық-түлік кәсіпорындарына халықаралық стандарттарды енгізу бойынша тапсырмалар берілді.

Мұндай мүмкіндіктер тері өнеркәсібінде де бар. Мәселен, біздің тұрғындардың автокөлік орындығына, спорттық тауарларға, аяқ киімдерге, әйелдер сөмкелеріне сұранысы жоғары. Соның негізінде өңірлерде жобаларды қалыптастыру желі басшыларына жүктелді.

Локализация тек тауарларда емес, қызметтерде болуы керек. Атап айтқанда, кейінгі бес жылда энергетика, мұнай-газ және металлургия салаларындағы ірі зауыттар іске қосылды. Мұндай кешендердегі жоғары технологиялық жабдықтарды пайдалану және жөндеу бойынша білікті қызметтерге сұраныс жылдан жылға артып келеді.

Осыны ескере отырып, Министрлер кабинетіне ірі кәсіпорындарға қызмет көрсетуге жергілікті кәсіпорындардың қатысуын кеңейту міндеті жүктелді.

- Әрбір басшы жанқиярлық танытса, елін, халқын сүйсе, жүйемен қатар міндетін де адал атқарса, алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткізеріміз сөзсіз, – деді Президент.

Жиын соңында инвестициялық кешен басшылары, министрлер мен әкімдер биылғы жылға арналған жоспарлары туралы ақпарат берді.