Президент Шавкат Мирзияев 8 шілдеде геология саласындағы нәтижелер мен жыл соңына дейінгі жоспарларды талқылауға арналған жиын өткізді.
Мемлекеттік геология және минералдық ресурстар комитетінің төрағасы Б.Исламов соңғы жылдары атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Атап айтқанда, заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде геологиялық зерттеу және бұрғылау жұмыстарының көлемі 1,5 есеге өскені айтылды.
Пайдалы қазбаларға салынатын салық мөлшерлемесі төмендетіліп, кен орындарына жеке инвесторларға жол ашылды. Кеніштердің аукцион арқылы сатылуына байланысты 1 миллиард 400 миллион доллар инвестиция құйыла бастады.
Ең заманауи технологиялар мен озық әдістер негізінде Геология ғылымдары университеті құрылып, оның қызметі жолға қойылды.
Осы жылдың 19 мамырында өткен тұсаукесерде Мемлекет басшысы «Науаиуран» мемлекеттік кәсіпорнын түрлендіру және уран қорын ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгін осыған байланысты басталған жұмыстар, орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған мақсатты индикаторлар туралы ақпарат берілді.
Оған сәйкес, технологиялық үдеріс пен қаржылық есептерді халықаралық стандарттарға көшіру, 2030 жылға қарай уран өндіру көлемі мен қорын екі есеге ұлғайту жоспарлануда.
Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін «Науаиуюранда» жобалық кеңсе ашып, шетелдік мамандарды тартып, кадрлардың біліктілігін арттыру қажеттігін баса айтты.
Түсті және сирек металдар кен орындарын игеру жайы да сөз болды. Осыған байланысты геологиялық барлау алаңдары кеңейтілді. Өзбекстанның қайта құру және даму қорының жанынан «Янги Кон» компаниясын құру жоспарлануда. Бұл компания литий, алюминий, магний, графит және басқа да сирек металдарды өндіру бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды ұйымдастырады.
Жер астындағы асыл қазынаның тағы бірі – су. Соңғы жылдары 21 ауданда жер асты суларының деңгейі 20 метрге дейін төмендеген. Кей жерлерде мұны түсінбей, бей-берекет пайдаланып жатқандар бар. Тек 2021 жылдың өзінде ұңғымаларды заңсыз бұрғылаудың 1200 фактісі анықталды.
Сондықтан да Президент жер асты суларын тиімді пайдалануды ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатта минералды суларды тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заң жобасы әзірленді.
Сондай-ақ Бұхара, Жызақ, Самарқанд, Сұрхандария және Ташкент облыстарында жер асты суларының қорын ұлғайту шаралары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Қашқадарияда жаңартылатын энергия көздерін кеңінен енгізу және кластер құру туралы ақпарат берілді.
– Жалпы, геология – экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші. Бұл тұрғыда оның әлеуетін толық пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы.