Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Президент білім болашақ мамандарын даярлау бойынша ұсыныстармен танысты
23:14 / 2025-05-05

Президент Шавкат Мирзиёев 5 мамыр күні келешегі зор кадрларды даярлау және мамандардың шетелде білім алуын қолдауға арналған ұсыныстармен танысты.

Елде әрбір саланы дамытуда кадр мәселесіне айрықша назар аударылып келеді. Жастардың білім алуы мен мамандардың тәжірибе арттыруына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр.

Осы мақсатта «Эл-юрт умиди» қоры арқылы 45-ке жуық мемлекетке 2 225 стипендиат жіберіліп, бюджеттен жалпы 1,5 трлн сум қаржы бөлінген. Бүгінге дейін олардың 1 400-і елге оралып, экономиканың түрлі салаларында, білім беру, ғылым, медицина және мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек етуде. Қазіргі таңда 748 стипендиат әлемнің ең үздік «ТОП-300» университеттерінде білім алуда.

Енді бұл жұмысты одан әрі кеңейту мақсатында аталған қорды Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Келешегі зор кадрларды даярлау жөніндегі «Эл-юрт умиди» қоры етіп, ал Мемлекеттік басқару академиясын Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат және басқару академиясы ретінде қайта ұйымдастыру көзделген. Бұл құрылымдар Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігімен бірлесіп, кадр даярлау кластеріне айналмақ.

Атап айтқанда, болашағы зор мамандарды шетелде даярлау барысында бакалавриат, магистратура және докторантурамен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді алты айға дейін мақсатты тағылымдамаларға жіберу жоспарланып отыр. Мұнда энергетика, урбанизация, көлік, сәулет, геодезия, жер қатынастары, техника және инженерия сынды экономиканың жетекші салаларына, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен өзекті әлеуметтік бағыттарға басымдық беріледі.

Халықаралық рейтингтегі «ТОП-100» университеттерге грант арқылы түскен үміткерлерге «Эл-юрт умиди» стипендиясы емтихансыз тағайындалады. Ал «ТОП-300» тізіміндегі университеттерге грант арқылы түскендер үшін халықаралық көлік пен тұрғын үй шығындары да емтихансыз өтеледі. Сондай-ақ, «ТОП-20» университеттерінің бакалавриат бөліміне 50 пайыздық грантпен түскен Президент мектептерінің түлектеріне стипендиялар байқаусыз тағайындалады.

Шетелде білім алып жүрген отандастармен тұрақты байланыс орнату, олардың қажеттіліктерін анықтау және оқу процесінде қолдау көрсету мақсатында «Эл-юрт умиди» қоры стипендиаттарының ата-аналар кеңесі құрылады. Елшіліктер мен консулдықтарға студенттерге құқықтық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету міндеті жүктеледі.

Заманауи талаптарға сай мамандар даярлауда Мемлекеттік саясат және басқару академиясының орны ерекше. Мұнда «Әкімдер мектебі», «Көшбасшы әйелдер мектебі», «Болашақ көшбасшылары» сияқты алдыңғы қатарлы білім беру бағдарламалары іске қосылған. Өткен оқу жылында бұл академияда 13 мыңнан астам тыңдаушының біліктілігі артқан.

Жаңа жүйеге сәйкес, мемлекеттік қызметшілер үшін үш бағыт бойынша – біліктілікті арттыру, қайта даярлау және магистратура бағдарламалары іске қосылады. Барлық қысқа және орта мерзімді курстар шетелдік серіктестермен бірлескен оқу бағдарламалары негізінде, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) негізгі ұсынымдары бойынша ұйымдастырылады.

Магистратурада «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік саясат», «Өңірлерді кешенді дамыту», «Адами ресурстарды дамыту» және «Мемлекеттік қаржыны басқару» бағыттары бойынша 18 айға дейін тереңдетілген білім беріледі. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, ақылы негізде де талапкерлер қабылданады.

Академия жанынан білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар беретін, беделді шетелдік ғылыми-білім беру мекемелерімен әріптестік орнатуға бағытталған Халықаралық академиялық кеңес құрылады.

Сонымен қатар, академия жанынан 4 жаңа орталық ашылады. Атап айтқанда, Мемлекеттік басқару мәселелерін ғылыми-тәжірибелік зерттеу орталығы мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыру және жеке сектордың озық тәжірибесін мемлекеттік басқаруға енгізу бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Мемлекет басшысы ұсыныстарды құптап, бұл жүйелерді жаңаша тәсілдер негізінде енгізу, қор мен академия қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Дарынды жастарды тұрақты түрде іздеп тауып, оларды жоғары деңгейде оқыту, сондай-ақ білікті мамандарды реформаларға кеңінен тартудың маңызы ерекше екені атап өтілді.