French
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Президент 10 миллионнан астам тұрғынның өміріне қатысты заңға қол қойды
23:17 / 2024-08-06

Президент Шавкат Мирзиёев «Өз бетінше иелеп алған жер учаскелері мен оларда салынған ғимарат және құрылыстардың құқықтарын тану туралы» заңға қол қойды.

Бұл көптеген тұрғындар күткен, миллиондаған отбасылардың өміріне қатысты мәселе еді. Алдын ала зерттеулерге сәйкес, қазіргі уақытта заңдық құжаттары жоқ немесе толық емес 3 миллион 600 мыңнан астам жер учаскесі бар.

Сондықтан Мемлекет басшысы 2023 жылғы 21 қарашада өткен жер учаскесіне қатысты және кадастрлық қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бейне селекторлық кеңесте бұл мәселені заңды түрде шешу керектігін айтқан болатын. Осыған сәйкес сала мамандары мен депутаттардың қатысуымен заң жобасы әзірленді. Италия, Болгария, Хорватия, Чехия және басқа да елдердің оң тәжірибесі ескерілді. Ол Олий Мажлис палаталарының талқылауларында пысықталды.

Заң 6 тараудан және 35 баптан тұрады, онда мынадай жер мен мүлікке қатысты құқықтар танылады:

1) 2018 жыл 1 мамырға дейін жеке тұрғын үй салу арқылы азаматтар өз бетінше иеленіп алған жер учаскелеріне, сондай-ақ онда салынған ғимарат пен құрылыстарға;

2) 2018 жыл 1 мамырға дейін азаматтар мен ұйымдар тарапынан құжатта көрсетілген аумақтан артық иеленген жер учаскесіне, сондай-ақ онда салынған ғимарат пен құрылыстарға;

3) «біржолғы акция» шеңберінде құқықтарды тану аяқталмаған жер учаскесіне және онда салынған ғимарат пен құрылыстарға;

4) 2021 жыл 8 маусымға дейін аудан (қала) әкімінің шешімімен берілген, бірақ облыс әкімі немесе халық депутаттары Кеңесі бекітпеген жер учаскелеріне;

5) бау-бақша және жүзім шаруашылығы серіктестіктерінің аумағындағы тұрғын үйлер және олар алып жатқан жер учаскелері;

6) 2020 жыл 9 наурызға дейін шағын индустриялық аймақтарға орналастырылған кәсіпкерлердің жер учаскелеріне;

7) мемлекеттік тапсырыс бойынша жекешелендірілген ғимараттар мен үйлер алып жатқан жер учаскесіне;

8) әкiмнiң шешiмi бойынша меншiк құқығы деп танылған ғимараттар мен үйлер алып жатқан жер учаскесiне.

Құқықтарды танудың негізгі шарттары заңда нақты белгіленген. Мысалы, жер телімі басқа тұлғаға берілмеген немесе аукционға қойылмаған болуы, жерге қатысты даудың болмауы, бас жоспар талаптарына қайшы келмейтін, тағы басқа факторлар ескеріледі.

Құқықтарды тану аймақтар бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өз бетінше иелеп алынған жер учаскелеріне және оларда салынған ғимараттар мен құрылыстарға қатысты мәліметтер мен құжаттарды келісу Кадастр агенттігінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Осы жүйеге 15 уәкілетті ұйым да өздерінің тиісті деректерін енгізеді.

Жинақталған құжаттардың толықтығы мен заңдылығын облыстық әділет басқармасы тексереді. Олардың нәтижелері махалла бұрыштары мен Кадастр агенттігінің сайты арқылы халыққа жарияланады. Оң қорытынды алған азаматтарға СМС хабарлама жіберіледі. Оның негізінде біржолғы төлем жасағандарға Халық депутаттары облыстық Кеңесінің шешімімен ширек сайын құқықтары танылады.

Заңның орындалуына мемлекеттік бақылауды прокуратура, ішкі істер, агроинспекция, экология, кадастр органдары орындайды. Сондай-ақ заңда қоғамдық бақылауға айрықша көңіл бөлінген. Яғни, халық депутаттары аудандық кеңестерінің шешімімен әр махаллада қоғамдық топтар құрылады. Бұл топтарға сол махалла орналасқан округтен сайланған аудандық кеңестің депутаты, махалла төрағасы және белсенді азаматтар кіреді.

Тұрғын үйлердің, жекешелендірілген немесе тіркелген ғимараттар мен құрылыстардың астындағы жер учаскелеріне құқықтарды тану үшін біржолғы төлем алынады. Бұл төлем Ташкент қаласында базалық есептеу мөлшерінің 5 есе, Нөкіс қаласы мен облыс орталықтарында 3 есе, қалаларда 2 есе, басқа елді мекендерде 1 еселенген мөлшерін құрайды. Бірыңғай әлеуметтік қорғау тізілімінде бар мүгедектерге жеңілдік беріледі.

Бір жолғы төлемнен кадастр және әділет органдары мен «Узбеккосмос» агенттігінің шығындары өтеледі. Қалған қаражат бастамалы бюджеттік шараларға бағытталады, яғни сол махалланың өзіне жұмсалады.

Заң 3 айдан кейін күшіне енеді, оған дейін аймақтарда түсіндіру, дайындық жұмыстары жүргізіледі. Заң 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін өз күшінде болады.

Осы орайда айта кету керек, Қарақалпақстан Республикасында бұл бағыттағы жұмыстар басталған. Өзбекстан Президентінің 2023 жыл 28 шілдедегі жарлығымен тек осы аумақтағы құжаты жоқ тұрғын үйге және олар орналасқан жер учаскелерінің құқықын тануға Қарақалпақстан Республикасы Жуқорғы Кенгесінің шешімімен рұқсат берілген.

Бұдан соң барлық аудан-қалаларда жұмыс топтары жасақталып, Қарақалпақстан Республикасында заңды құжатсыз салынған 43 432 тұрғын үй зерттелді. Үйлердің орналасқан жері, жағдайы және салынған уақыты және ғарыштық фотосуреттерді талдау негізінде тексерілді.

Соңында 27 мың 590 үйге меншік құқығы мен олар орналасқан жер телімдерін жалға алу құқығы танылды.

Бұл халықшыл саясаттың нәтижесі 27 590 шаңырақта тұратын 100 мыңнан астам азаматтың өміріне оң әсерін тигізді. Олар өз баспанасын заңды түрде рәсімдеп, басқа адамға сатуға, отбасы мүшелерін тұрақты тізімге қосу құқына ие болды. Сондай-ақ, енді меншік иелері бұл үйді жөндеуге немесе қосымша құрылыс жасауға жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болып, баспана қоғамдық қажеттіліктер үшін алып қойған жағдайларда заңға сәйкес өтемақы талап ету мүмкін болды.

Атаулы заң осынау игі істердің ауқымын бүкіл республика бойынша кеңейтті. 3 миллион 600 мыңнан астам жер телімінің әрқайсысында орта есеппен 3-4 азамат пен кәсіпкер болса, бұл заң 10 миллионнан астам халықтың мәселесін шешіп, болашақ өміріне құқықтық негіз жасайды.