Аңызға айналған бұл кеме 1721 жылы Үндістанның Гоа қаласынан Лиссабонға қарай жолға шыққан болатын.
LiveScience порталының хабарлауынша, археологтар Мадагаскар маңындағы су астынан табылған кеме қалдықтарының Португалияға тиесілі Nossa Senhora do Cabo кемесіне тиесілі екенін анықтады.
1721 жылы Үндістанның Гоа қаласынан Лиссабонға қарай жолға шыққан кеме бортында мол қазынамен бірге вице-қороль мен архиепископ та болған. Қазіргі бағалау бойынша, кемедегі қазынаның құны 138 миллион доллардан асуы мүмкін еді.
Алайда сапар барысында теңіздегі күшті дауыл салдарынан әлсіреген кемені қарақшылар басып алып, кемені әрі олжаны Мадагаскар маңындағы атышулы қарақшылар ордасы — Сент-Мари аралына жеткізген.
АҚШ-тағы Тарихи кеме апаттарын сақтау орталығының зерттеушілері бұл кеме қалдықтарын 16 жыл бойы зерттеген. Археолог Марк Агостинидің айтуынша, су астынан 3 300-ден астам тарихи жәдігер шығарылған. Кеменің құрылымы, табылған артефактілер мен тарихи қолжазбаларға жүргізілген сараптама бұл қалдықтардың дәл сол — Nossa Senhora do Cabo кемесіне тиесілі екенін дәлелдеді.