Гондурас полициясы АҚШ-тың экстрадициялау туралы өтінішіне жауап ретінде Гондурастың бұрынғы президенті Хуан Орландо Эрнандесті есірткі саудасымен айналысты деген айыппен Тегусигальпада ұстады.
Deutsche Welle басылымының дерегінше бұрынғы президентті қамауға алу жағдайы 15 ақпанда, оның президенттік мерзімі аяқталғаннан бірнеше аптадан кейін жүзеге асырылды.
Полицейлер экс-мемлекет басшысының қолына кісен тағып, оқ өтпейтін жилетпен полицияның арнайы жасақ базасына жеткізген.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ билігі Эрнандесті 2004 жылдан бері есірткі саудасына қатысы бар деп айыптап отыр.
Экс-президенттің ағасы өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Тергеушілердің мәліметінше, Эрнандес Колумбия мен Венесуэладан АҚШ-қа 500 тонна кокаинді заңсыз тасымалдау операцияларына қатысқан. Саясаткер есірткі саудагерлерін тергеу мен қудалаудан қорғау үшін миллиондаған доллар пара алған.
2021 жылы АҚШ соты Гондурастың сол кездегі президентінің ағасы Хуан Антонио Эрнандесті есірткі бизнесіне қатысы бар деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Хуан Орландо Эрнандес қаңтар айында президенттік қызметінен кеткен. Қазірге ол өз кінәсін мойындамайды, бірақ тергеумен ынтымақтасуға келісім берген.