Пәкістанда бес қабатты ғимарат құлап, кемінде бес адам қаза тапты
Пәкістанның Карачи қаласында бес қабатты ғимараттың құлауынан кемінде бес адам қаза тауып, тағы алтауы жарақат алды. Оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы 10:10 шамасында орын алған.
Құтқарушылар мен қала тұрғындары бірлесіп, қираған ғимараттың астында қалған адамдарды шығарып алған.
– Қазіргі уақытқа дейін бес адамның мәйіті мен алты жаралыны алып шықтық, – деді жергілікті жоғары лауазымды полиция қызметкері Ориф Азиз. – Бұл ғимаратта шамамен 100 адам тұрған.
Құтқару жұмыстарына жетекшілік етіп жатқан «Edhі» қайырымдылық қорының өкілі Саад Идхидің айтуынша, әлі де 8–10 адам қиранды астында қалуы мүмкін деген болжам бар. Ол ғимараттың толықтай қирағанын мәлімдеді.