Пәкістанда автобус жыраға құлап, 28 адам қаза тапты
Пәкістанның Белуджистан провинциясында автобус жыраға құлап, кем дегенде 28 адам қаза тапты.
Al Jazeera басылымының дерегінше, апатқа ұшыраған автобус Белуджистанның оңтүстігіндегі Турбат қаласынан аймақ астанасы Кветтаға бара жатқан. Көлік белгісіз себеппен жолдан шығып кетіп, сайға құлаған.
Оқиға орын алған Вашук ауданындағы медицина қызметкері Нуруллах Эссазай 28 адамның қаза тапқанын растаған. Автобуста барлығы 54 жолаушы болған. Апаттан аман қалғандардың кейбірі ауыр жарақат алып, қазірде ауруханада ем алып жатыр.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф оқиғаға байланысты көңіл айтып, билікке зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған.