Перуның бұрынғы президенті Алехандро Толедо Бразилияның «Odebrecht» құрылыс компаниясынан пара алғаны үшін айыпталып, 20 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
The Guardian басылымының хабарлауынша, Судья Инес Рохас оқыған үкім мәтінінде Толедо бұған дейін «Odebrecht» атымен танымал компаниядан Перудың оңтүстік жағалауларын Бразилияның Амазония аймағымен байланыстыратын жол құрылысын ұтып алу үшін 35 миллион доллар пара алғаны айтылды.
Рохастың айтуынша, Толедо «мемлекеттік қаржыны басқару және ресурстарды дұрыс пайдалануды бақылау үшін жауапты» болған. Оның орнына, ол «мемлекетті алдаған» деді.
Қазіргі кезде «Novonor» атымен белгілі «Odebrecht» 2016 жылы қоғамдық жұмыстар бойынша келісімшарттарды алу үшін ондаған елдің шенеуніктеріне пара бергенін мойындағаннан кейін көптеген жанжалдарға себеп болған.
Сот барысында Толедо ақша жымқыру және астыртын сөз байласу айыптарын жоққа шығарды. Үкім Толедо өткен жылдан бері ұсталып отырған Лима түрмесінде жарияланды. Елдің тағы бір бұрынғы президенті Педро Кастильо да 2022 жылы Конгресті таратуға тырысқаны үшін «бүлік» айыбымен сол жерде қамауда отыр.
2023 жылғы 24 сәуірде АҚШ Алехандро Толедоны жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен экстрадициялауға шешім қабылдаған еді.
Стенфорд университетінде докторлық дәрежесін алған 78 жастағы бұрынғы мемлекет басшысы Толедо 2001-2006 жылдары Перу мемлекетін басқарған.