Пентагон зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне 3 млрд доллар жұмсамақ
АҚШ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, «Lockheed Martin Rotary and Mission Systems (LM RMS)» компаниясы «Aegis» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне арналған компьютерлік шешімді әзірлеу үшін шамамен 3 миллиард долларлық келісімшартқа қол қойды.
– Компанияға 2 968 000 000 доллар көлемінде он жылға созылатын, белгісіз көлемде жеткізуді қарастыратын эксклюзивті келісімшарт берілді, – делінген Пентагон таратқан ресми мәлімдемеде. – Компания үкімет сұранысына сай баллистикалық зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесінің барлық кезеңдерін (жоспарлау, анықтау, басқару, ұстап тұру және бағалау) жаңғырту мақсатында зерттеу жүргізіп, тұжырымдамалар мен бағдарламалық шешімдер әзірлейді.
Келісімшарт 2025 жылдың шілдесінен 2035 жылдың маусымына дейін күшінде болады. Жоба Нью-Джерси штатындағы Мурстаун қаласында жүзеге асырылады.