Педро Санчес Испанияның премьер-министрі болды
Испания парламентінің төменгі палатасы үкімет басшысы лауазымына Испания Социалистік жұмысшы партиясының жетекшісі Педро Санчестің кандидатурасын мақұлдады.
Дауыс беру нәтижесі бойынша 350 депутаттың 179-ы Санчестің премьер-министр болып қайта сайлануын қолдады. Оны мақұлдау үшін парламент депутаттарының кемінде 176 дауысы қажет болды.
2023 жылғы шілдеде өткен жалпыхалықтық сайлауда консервативті Халық партиясы парламенттегі 137 орынға ие болды. Қыркүйек айында Испания королі партия жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоға үкімет құруды тапсырды. Бірақ ол сәтсіз болды. Содан кейін монарх Санчесті премьер-министр қызметіне шақырды. Оның партиясы сайлауда екінші орын алды.
51 жастағы Педро Санчес Перес-Кастехон Испания үкіметін 2018 жылдан 2023 жылдың шілдесіне дейін басқарды. Ол 2014 жылдан бері Испания Социалистік жұмысшы партиясының жетекшісі.