Біртұтас құжат БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Қатар, Оман және Кувейт елдеріне кіруге мүмкіндік береді.
Парсы шығанағы елдері үшін бірыңғай туристік виза ресми түрде мақұлданып, жақын арада енгізіледі. Бұл туралы БАӘ экономика министрі Абдулла бен Тук әл-Марри мәлімдеді.
Еуропаның Шенген визасына ұқсас бұл жаңа виза шетелдік туристерге алты мемлекет – Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Қатар, Оман және Кувейтке бір құжатпен кіруге жол ашады. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам өңірдегі туризм саласын жандандырып, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына және жалпы ішкі өнімнің артуына айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.
Жаңа визаның енгізілуі іскерлік және демалыс мақсатында саяхаттаушылардың қатарын арттырады деп күтілуде. Енді саяхатшылар бір сапар барысында бірнеше көршілес мемлекетті аралап, іскерлік мәселелерін шешумен қатар, туризм мүмкіндіктерін де пайдалана алады.
Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесінің статистикасына сәйкес, 2023 жылы аймаққа 68,1 миллион турист келген. Туризмнен түскен табыс 110,4 миллиард АҚШ долларына жетіп, пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 42,8 пайызға артқан.
Аймақтағы басты туристік орталықтардың бірі – Дубай 2025 жылдың алғашқы төрт айында 7,15 миллион турист қабылдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға көп.