Парижде Өзбекстанның мәдени-тарихи мұрасын қорғау мүмкіндіктері қарастырылды
Франция астанасы Парижде Өзбекстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Гаянэ Умерова мен Өзбекстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Камал Мухторов ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Лазар Элунду Ассомомен кездесті.
Кездесуде Өзбекстан мәдени-тарихи мұрасын, оның ішінде Бұхара, Самарқанд, Шахрисабз және Хиуадағы әлемдік мұра нысандарын қорғау, басқару және сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің перспективалық бағыттары қарастырылған.

«Сұхбат барысында 1972 жылғы Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға сәйкес «Wilmotte & Associés» және «Deloitte» компаниялары жүзеге асырып жатқан Бұхара қаласының бас жоспарын әзірлеу талқыланды», делінген хабарламада.
Өзбекстанның тарихи мұра объектілерін қорғау жөніндегі халықаралық консультациялар комитетінің қызметін жандандыру және ЮНЕСКО-ның жетекші сарапшыларының Өзбекстанға консультативтік сапарын ұйымдастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
