Оңтүстік Кореяда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 47 адам қаза болды
Оңтүстік Кореяда Jeju Air әуе ұшағы елдің оңтүстік-батысында Муань әуежайына қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соғылған. Апат салдарынан 47 адам қаза болды.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Jeju Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ Бангкоктан ұшқан. Ұшақ бортында 175 жолаушы мен экипаждың алты мүшесі болған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 47 адам апат құрбаны болды, құрбандар саны әлі де көбеюі мүмкін.
Апаттан кейін құтқару операциясы басталған. Жолаушылардың басым бөлігі – Оңтүстік Корея азаматтары (173 адам), ал қалған екеуі – Таиланд азаматтары.
Апаттың себептері әзірге анықталмаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақ құстармен соқтығысу салдарынан басқару жүйесін жоғалтуы мүмкін. Агенттіктің хабарлауынша, осы себепті шасси басқару жүйесі істен шыққан.