Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль төтенше әскери жағдай жариялағаннан кейін, полиция оны бүлік ұйымдастыруға күдікті ретінде тергеп жатыр.
AFP агенттігінің хабарлауынша, Құқық қорғау органдарының өкілі агенттікке берген сұхбатында қазіргі мемлекет басшысына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Юн Сок Ёль 3 желтоқсан күні кешке елде төтенше әскери жағдай енгізді. Ол кейінгі 45 жылда мұндай шешім қабылдаған алғашқы президент. Президент парламент пен саяси партиялардың қызметін уақытша тоқтатты. Бұл шешімді ол «конституциялық тәртіпті қорғау және ел ішіндегі Солтүстік Кореяны қолдаушыларды жою» қажеттілігімен түсіндірген.
Бұл шаралар қоғамда наразылық тудырды. Парламент ғимаратының алдында наразылық білдірушілер жиналды, ал полиция парламентке кіруге тосқауыл қойып, көшелерде әскери техника орналастырылды.
Бірнеше сағаттан кейін 300 депутаттың 190-ы парламент ғимаратына кіріп, әскери жағдайды жою туралы шешім қабылдады. Оппозиция жетекшісі Ли Же Мен президенттің бұл шешімін «конституцияға қайшы» деп атап, оны «халыққа қарсы қадам» ретінде сынға алды.
Кейінірек Оңтүстік Корея президенті төтенше әскери жағдай туралы шешімнің кұшін жоюға келісті.