Оңтүстік Корея НАТО-ның киберқауіпсіздік орталығына қосылды
Корея Республикасының Ұлттық барлау қызметі (NRS) Эстонияда орналасқан НАТО-ның Киберқауіпсіздік ынтымақтастық орталығына мүшелікке қабылданды.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Корея Республикасы Шығыс Азиядағы НАТО кибер орталығына қабылданған бірінші ел болды.
«Біз орталыққа жіберілетін қызметкерлер санын көбейту және бірлескен оқу-жаттығулар ауқымын кеңейту арқылы кибер мүмкіндіктерімізді әлемдік деңгейге көтеруді көздеп отырмыз», - деген Оңтүстік Кореяның барлау қызметі.
Агенттік дерегінше, Ұлттық барлау қызметі бұл топқа 2019 жылы кіру ниетін білдірген және 2020 жылдан бастап киберқауіпсіздік жаттығуларына қатысып келеді. Корея Республикасы қосылғаннан кейін бірлестікке мүше елдердің саны 32-ге жетті. Оның 27-сі НАТО-ға мүше. Тағы бес ел альянсқа мүше емес және «қатысушы» мәртебесіне ие. Орталық 2008 жылы іске қосылған.