Ташкент облысы әкімшілігі мен Оңтүстік Корея кәсіпкерлер арасында бірқатар меморандумға қол қойылды.
«Dunyo.info» порталының дерегінше, Оңтүстік Кореяда іскерлік сапармен жүрген Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев бастаған делегация Сеул және Инчон қалаларында Оңтүстік Корея мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі компанияларының өкілдерімен кездесті.
Елдегі жетекші құрылыс компанияларының бірі «Hanshin Engineering & Construction» компаниясының атқарушы директорымен кездесу барысында «Нурафшон бизнес-сити» ауданындағы көпқабатты үйлер, қонақ үйлер мен коммерциялық ғимараттардың құрылысы және заманауи талаптарға сай «Ақылды медициналық қала кластері» жобасына қатысты пікір алмасылды.
Кездесу соңында Оңтүстік Корея және БАӘ компанияларымен Ташкент облысы аумағында «Tashkent Medical Smart» компаниясын құру туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның құны шамамен 2 миллиард долларды құрайды.
Сондай-ақ медицина, денсаулық сақтау, экожүйе, қала құрылысы, ландшафт, экологиялық дизайн құрылыстарымен айналысатын Оңтүстік Корея және БАӘ компанияларының өкілдерімен кездесулер өтті.
Делегация мүшелері «Оңтүстік Корея-Өзбекстан» бизнес қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ким Чанг Кеонмен келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер соңында Ташкент облысының әкімшілігі мен Корея Республикасының «Tashkent Development Corp» компаниясы арасында құны 500 миллион доллар болатын «Nurafshon New Korea Business City» жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.