Оңтүстік Корея Конституциялық соты президент Юн Сок Ёльға қатысты импичментті бір ауыздан қолдап, оны түпкілікті түрде биліктен шеттетті.
Tass порталының хабарлауынша, барлық сегіз судья импичментті қолдап дауыс берген. Президентті биліктен шеттету үшін кемінде алты судьяның қолдауы қажет болатын.
Атап айтқанда, судьялар елде әскери жағдай енгізуге заңды негіз жоқ деген қорытындыға келді. Конституцияға сәйкес, мұндай қадам тек соғыс, қарулы қақтығыс немесе басқа да ұлттық төтенше жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Судьялар Юн Сок Ёль парламентке әскер жіберу арқылы заңды бұзды деп шешті. Сот оған әскерилерді саяси мақсатта пайдаланған деген қорытынды жасады.
Судьялардың айтуынша, бұрынғы президент енді конституцияны қорғай алмайды. Олар Юн Сок Ёлдің әскери жағдай туралы жарлығы Оңтүстік Корея азаматтарының негізгі құқықтарын бұзғанын атап өтті.
Еске салар болсақ, 2024 жыл 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізген еді. Ол кезде ел президенті телеарна арқылы халыққа жасаған үндеуінде оппозицияны Солтүстік Кореяның көмегімен конституциялық құрылымды құлатуға әрекет жасады және парламентке бақылау орнатпақ болды деп айыптаған. 14 желтоқсанда парламент Юн Сок Ёльға импичмент жариялады. 31 желтоқсанда Сеулдің Батыс округі соты тергеу сұранысына сәйкес, оны әскери жағдай енгізу мен бүлік жасауға талпынысы үшін тұтқындауға ордер берді. 15 қаңтарда бүлік жасады деген айыппен президент қамауға алынды. Ал 7 наурыз күні ол қамаудан босатылды.