Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ-тың «С5+1» форматындағы кездесуі өтті
2022 жыл 28 ақпанда Орталық Азия мемлекеттері мен АҚШ-тың «С5+1» форматындағы кезекті министрлік кездесуі өтті.
СІМ дерегінше, бейне байланыс форматында өткен кездесу барысында Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Қазақстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және АҚШ сыртқы істер министрлері С5+1 аясындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасты.
Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов өз сөзінде климат пен қоршаған ортаның өзгеруінің салдарын жұмсарту, аймақта «жасыл экономикалық өсуді» қамтамасыз ету, пандемиямен күресу бойынша күш-жігерді үйлестіру, өзара сауда, инвестициялық және көліктік байланыстарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы «С5+1» бағыты бойынша ынтымақтастықты белсендіру мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.