OANA Бас ассамблеясы Санкт-Петербургте өтеді.
ТАСС Азия және Тынық мұхиты елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы (OANA) 19-Бас ассамблеясын өткізу құқығына ие болды. Құрылымның Атқарушы комитетінің Куала-Лумпурда өткен отырысында бұл жиынды 2025 жылдың маусым айында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткізу туралы бірауыздан шешім қабылданды.
OANA Бас хатшысы Замон Ризахони өз сөзінде ТАСС агенттігінің әлемдік ақпарат кеңістігіндегі жоғары беделін тағы бір мәрте атап өтті.
ТАСС Бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман Бас ассамблея аясында қатысушылардың пленарлық отырыстарға қатысып, жетекші ресейлік саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен кездесуге, сондай-ақ Санкт-Петербургпен жақын танысуға мүмкіндік алатынын мәлімдеді.
1961 жылы ЮНЕСКО бастамасымен құрылған OANA бүгінде 35 елдің 40-тан астам ақпарат агенттігін біріктіреді. Ұйым көпполярлы медиа кеңістікті қалыптастыруда және жаһандық оқиғаларға балама көзқарас ұсынуда маңызды рөл атқарады. Әлемдік ақпарат ағынының үштен екі бөлігі осы ұйымға мүше елдердің үлесіне тиесілі.