АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы аясында «С5+1» өңірлік дипломатиялық платформасы қолдауымен Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстан сыртқы істер министрлері мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы арасында кездесу өтті.
СІМ мәіметінше, кездесуде ӨР сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, тұрақты дамуды қолдау, көлік-логистикалық байланысты нығайту және өңірде бейбітшілік пен өркендеуге ықпал етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, экологиялық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге арналған бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударды.
Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 2023 жылғы 19 қыркүйекте өткен «С5+1» мемлекет басшыларының бірінші саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген келісімдер мен Нью-Йорк декларациясын тиімді іске асыруға бейілді екенін білдіріп, минералды ресурстар бойынша «С5+1» диалогы аясында АҚШ пен Орталық Азия бизнес ынтымақтастығын қолдауға арналған бірінші «B5+1» форумы мен мүгедектік құқықтары жөніндегі «С5+1» арнайы сессиясының өтіп жатқанын құптаған.
«Қатысушылар терроризм, экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық және киберқылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ радикализмге қарсы күрес бойынша бірлескен күш-жігерді одан әрі жандандыру және үйлестіру қажеттілігін мақұлдады», делінген хабарламада.
2025 жылы қатысушы елдер «С5+1» форматы аясындағы табысты ынтымақтастықтың он жылдығын атап өтеді. Осыған байланысты тараптар аймақ елдері мен АҚШ-тың жаһандық мәселелерге өңірлік шешімдер іздеуді жалғастыруға және «С5+1» дипломатиялық платформасы аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысын құптады.