Ташкентте өтіп жатқан Парламентаралық одақтың 150-юбилейлік ассамблеясы — Орталық Азия елдері үшін тарихи әрі маңызды оқиға. Аталған жиынға қатысып жатқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов бұл форумның мән-маңызына кеңінен тоқталып өтті.
— Өзбекстанда, жалпы Орталық Азияда Парламентаралық одақтың осындай ауқымды әрі беделді халықаралық шарасының алғаш рет өтуі — тек осы ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін үлкен жетістік. Бұл — Өзбекстанның халықаралық аренадағы орнын айшықтап, өңірлік және жаһандық деңгейде беделінің артып келе жатқанының айқын дәлелі, — деді ол.
Депутаттың сөзінше, ассамблея — парламенттер арасындағы байланыстарды нығайтумен қатар, бейбітшілік, тұрақты даму және адам құқықтарын қорғау бағытындағы ортақ мақсаттар үшін бірлесе жұмыс істеуге шақыратын маңызды алаң. Ассамблея аясында климаттың өзгеруі, цифрландыру, әлеуметтік саясат және парламентаризмді дамыту секілді өзекті мәселелер жан-жақты талқылануда.
— Біз Парламенттер арасындағы өзара тәжірибе алмасуға, құқықтық үйлесімділікті арттыруға ерекше мән беріп отырмыз. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілді. Қазіргі таңда екі елдің парламенттік комитеттері мен достық топтары арасындағы тұрақты диалог жолға қойылған. Бұл өз кезегінде елдеріміз арасындағы сенімді нығайтып, азаматтарымыздың игілігі үшін үйлесімді қадамдар жасауға сеп болады, — деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Сондай-ақ, шекара маңы ынтымақтастығы, жастар бастамаларын қолдау және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да ерекше мән беріліп отыр. Біздің парламенттік комитеттер мен жұмыс топтары арасында тұрақты диалог орнаған, бұл өзара сенімді арттырып, халықтарымыздың игілігі жолындағы күш-жігердің үйлесімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.
Сөз соңында депутат қатысушы мемлекеттердің парламенттері арасындағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдету, әсіресе жас көшбасшылар мен әйелдердің рөлін арттыру, экологиялық қауіпсіздік және цифрлық технологияларды заңнамалық тұрғыда қолдау бағытындағы ұсыныстардың маңызын атап өтті.
— Біз бұл форумнан маңызды шешімдер мен нақты бастамаларды күтеміз. Ассамблея нәтижелері жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруде және тұрақты даму мақсаттарына жетуде үлкен рөл атқарады деп сенеміз, — деді халық қалаулысы.
Норгул Абдураимова,
ӨзА