Душанбеде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысу аясында Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Владимир Норов Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сирожиддин Мухриддинмен келіссөздер жүргізді.
СІМ мәліметінше, Сыртқы істер министрлері Тәжікстан Республикасы Президентінің Өзбекстан Республикасына алдағы сапары туралы пікір алмасты, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, көлік-коммуникациялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты егжей-тегжейлі талқылады.
Өзбекстан мен Тәжікстан басшыларының екі бауырлас халықтар арасындағы өзара сенімді, достық қарым-қатынас пен көп ғасырлық байланыстарды нығайтуға негізделген стратегиялық әріптестіктің бүгінгі жай-күйі жоғары бағаланды.
Екі ел президенттерінің таяу жылдары тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу жөніндегі тапсырмасын сөзсіз орындау қажет екені баса айтылды.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Өзбекстан мен Тәжікстан бірлескен үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын мүмкіндігінше тезірек өткізу қажеттігін атап өтті.
Биыл дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуын ескере отырып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, атап айтқанда, Өзбекстан мен Тәжікстанда бірлескен ірі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға келісілді.
Тәжікстан тарапы Өзбекстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын жоғары бағалап, Өзбекстанның бастамаларына толық қолдау білдірді. Сондай-ақ барлық іс-шараларға, соның ішінде Самарқандта өтетін ШЫҰ саммитіне белсенді қатысуға дайын екенін қуаттады.
Келіссөздер барысында тараптар өңірлік және халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, болашаққа арналған бірлескен іс-шаралар кестесін қарастырды.