Химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері түркиялық Азиз Санжар Халықаралық «Жібек жолы» туризм университетінің құрметті докторы дипломымен марапатталды.
Айтулы марапатты университет залында Премьер-Министрдің орынбасары - Туризм және спорт министрі, Халықаралық «Жібек жолы» туризм университетінің ректоры Азиз Абдухакимов табыстап, Азиз Санжар мырзаны құттықтады.
Салтанатты шарада ректордың халықаралық кеңесшісі Әлия Оспанова мен интернационализация және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректор Джолибай Елтазаров құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты рәсімнен кейін құрметті қонаққа Университет бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

А.Санжар ізденістері аясында 415 ғылыми мақала мен 33 кітап шығарды. Ол онкологиялық ауруларды емдеуде циркадиялық сағаттарды қолданғаны үшін түрлі ғылыми марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ол Американдық химия қоғамы тарапынан 2001 жылы Солтүстік Каролинадағы үздік химик сыйлығына ұсынылды. Осы марапатпен бірге профессор А.Санжар сол жылдары ғылыми әлемдегі ең беделді ғылыми мекемелердің бірі болып табылатын АҚШ Ұлттық ғылым академиясының мүшесіне айналды. Ол осындай беделді академияға сайланған алғашқы американдық түрік ғалымы атанып, 2006 жылы Түркия ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды.
Осы марапатқа ие болғанннан кейін ол әйелі Гвен Санжармен бірге АҚШ-та оқып жатқан түрік және түркі елдерінен келген студенттерге көмектесу үшін Азиз бен Гвен Санжар қорын құрды және «Carolina Turkish House Student Hotel» қонақ үйін ашты.
А.Санжар ДНҚ-ны қалпына келтіру жөніндегі зерттеулері үшін 2015 жылы америкалық Пол Модрич пен швед ғалымы Томас Линдалмен бірге химия саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. Бұл үш зерттеуші 30 жыл бойы бір-бірінен тәуелсіз жұмыс жасап, ДНҚ қалпына келтіру механизмдерінің биохимиялық аспектілерін ашты.